Жұмыртқаның пайдасы мен зияны

Жұмыртқаның пайдасы мен зияны
Фото: happyfresh.co.th/

«Адам денсаулығы – басты құндылық» деп есептесек, өзіміздің ішіп жүрген асымыздың түп тамырына мән бергеніміз жөн. Мысалы, жұмыртқаның құнарлы және дұрыс болмағы құстың азығы мен саулығына тікелей байланысты. Үй құстарының да өзіне тән түрлі аурулары бар. Ал оларды уақытылы емдеу құс өсірушінің міндеті.

Жұмыртқа да адам ішегіне зиянды ішек инфекцияларын тудыруы мүмкін. Ең жиі кездесетін ішек инфекциясы – сальмонеллез. Сонымен қатар құстарды емдеуде антибиотиктердің артық мөлшері, құс азығына түрлі қоспаларды қосу да адам денсаулығына теріс әсер беруі мүмкін. Сондықтан құсқа беретін азыққа баса мән берген жөн. Бүгінде құсқа укол болмаса дәрі-дәрмек салу арқылы жұмыртқаны саудаға айналдырып отырғандар бар. Ал құстағы жұмыртқаның толық дамымаған себебінен оның адам баласының денсаулығына кері әсері болады. 

Дүкеннен сатып алған жұмыртқаның таңбасына немесе қораптағы жазуына қарап жұмыртқаның қандай екенін анықтауға болады. Сондықтан жұмыртқаны сатып аларда оның таңбасына баса мән беріңіз. Мәселен, жұмыртқа сыртында Д деген жазу болса, онда ол диеталық жұмыртқа деген сөз. Оның сақтау мерзімі 7 күн. Егер де С деген жазу болса, ол столовый деген сөз. Демек асқа пайдалануға арналған жұмыртқа. Ал егер жұмыртқаның сыртында ондай жазу болмаса, міндетті түрде қораптағы жазуға мән беріңіз. Себебі қорапта барлық мәліметтер, сақтау мерзімі және қандай санаттағы жұмыртқа екені жазылады. Жұмыртқа сыртында таңдаулы (отборные) деп тұрса, онда ол сапасы ең жоғары жұмыртқа деген сөз. Ал 1-категория (1 санаттағы) деп тұрса, онда ол таңдаулы жұмыртқадан кейінгі санаттағы жұмыртқа. Сол секілді 2-3-категория деген жұмыртқа санаттары да бар.  

Ал қолдың жұмыртқасын сатып алған кезде немесе үйіңіздегі тауықтың жұмыртқасын жинаған уақытта сырты лас болып тұрғанын көреміз. Сондықтан мұндай жұмыртқаны бірден тамаққа пайдалануға болмайды. Өйткені сырты таза болмағандықтан, мұнда түрлі бактериялар болуы мүмкін. Сол себепті ең бірінші жұмыртқаны жуып алған дұрыс. Ол үшін ыдысқа су құйып, 1 ас қасықтай тұз салып жұмыртқаны жуған кезде сыртындағы бактериялардың бәрі өледі.

Бәріңіз білетіндей, жұмыртқаның бір жағы доғал, бір жағы сүйір болып келеді. Ал оны тоңазытқыштағы жұмыртқа ұяшығына жинаған кезде сүйір жағын төмен қаратып қойған жөн. Көпшілік ақ жұмыртқаға қарағанда қоңыр жұмыртқаның пайдасы және құнары бар деп салыстырып жатады. Алайда мұнда жұмыртқа түсінің ешқандай да маңызы жоқ. Жай ғана ақ тауықтың жұмыртқасы ақ болса, қара тауықтың жұмыртқасы қоңыр болады. Жұмыртқа көлемі әрдайым бірдей бола бермейді. Бірі үлкен болса, бірі кіші болып келеді. Олардың айырмашылығы да сол жұмыртқа түсі секілді тауықтың жасына байланысты болады.

Дүкеннен сатып алған жұмыртқаның кейбірінің сырты кедір-бұдыр болады. Яғни жұмыртқа сыртының біртегіс болмауы жұмыртқа санатына тікелей байланысты. Мысалы, жоғары санатты жұмыртқа сырты тегіс болып келсе, 2-3 – санаттағы жұмыртқа сырты біртегіс болмайды. Сонымен қатар жұмыртқаның  жарамдылық мерзімінің өтіп кеткенін құлақ тұсына шайқап білуге болады. Егер шайқағанда шылқылдаған судың дауысы естілсе, онда ол жұмыртқа жеуге жарамсыз. Сонымен қатар тағы бір жолы жұмыртқаны суға салған кезде су бетіне қалқып шықса, онда ол көп уақыт тұрып қалған жұмыртқа деген сөз. Осылайша үй жағдайында жұмырқаны тексеріп көруге болады.  

Сонымен қатар жұмыртқаны тұтынғанда ескеретін бірнеше дүние бар. Ең бастысы жұмыртқаны шикідей жемеген дұрыс. Жоғары температурада қайнағанда жұмыртқадағы бактериялар жойылады. Сонымен қатар жұмыртқаны қайнатқанда оның толық піскенін мұқият қарау қажет. Себебі шала піскен жұмыртқаны бірнеше сағаттан соң жеуге болмайды. Мысалы, жұмыртқаны ертеңге деп түнде шикілеу етіп қайнатқан болсаңыз, таң атқанға дейін оның ішінде бактериялар көбейіп, ол асқазан-ішек жолдарына зиян келтіреді.

Әсіресе, жұмыртқа ерте жастағы балалардағы аллергияның себебі болуы мүмкін. Себебі жұмыртқада ақуыздар бар. Егер де ағзада ақуыз мөлшері көп болса, зат алмасу процесі бұзылып, бүйректің қызметіне кері әсер етеді. Сондықтан күніне 2 жұмыртқадан артық тұтынбаған дұрыс. Сонымен қатар жұмыртқа құрамында холестерин көп. Сондықтан қанында холестерині жоғары адамдарға шамадан тыс жұмыртқаны тұтынуға болмайды.

Қорыта айтқанда, ішек инфекцияларын болдырмау үшін ең әуелі жұмыртқа сыртын жуып пайдалану керек. Сонымен қатар ұзақ тұрып қалған жұмыртқаны тұтынбай және белгісіз жерден немесе көшедегі бейтаныс адамнан жұмыртқа сатып алмау қажет. Жұмыртқаның сақтау мерзіміне де мұқият болған жөн. Мәселен, жұмыртқа +2 градуста 25 тәулік сақталатын болса, -2 градус температурада  90 тәулік бойы сақталады.  

Н. Үсенова