Ғалымдар қазақ халқының генін зерттеуге кірісті

Ғалымдар қазақ халқының генін зерттеуге кірісті
Фото: fishki.net

Назарбаев Университетінің ғалымдары қазақстандықтардың генетикалық материалдарын жинақтауға кірісті. Жинаған деректерін бір базаға біріктіріп, ауқымды биологиялық ресурс құрмақ. Әрі генетикалық зерттеудің арқасында кең таралған аурудың алдын алмақ, деп хабарлайды Massaget.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.  

Адам ДНҚ-сына зер салу немесе ғылымда генетикалық талдау деп аталып кеткен мұндай зерттеу қазіргі таңда қатерлі ісік пен жүрек ауруларын емдеуге қолданылуда. Бұл аурулардың себебін табу қиындау. Мұндай кезде дәрігерлер аурудың себебін геннен іздеп, нақты диагноз қояды.

Алайда зерттеу сапалы болуы үшін оны салыстыратындай қолда арнайы ген базасы болған жөн. Ал қазақстандықтардың генін еуропалықтармен немесе жапондармен салыстыру ақылға қонымсыз. Қазақстанда мұндай база жоқ. Назарбаев Университетінің National Laboratory Astana зертханасының ғалымдары ел азаматтарының генетикалық құрылымын зерттеуге және ортақ база құруға кірісуінің мәні осында.

Қазір ғалымдар жан-жаққа, өңір-өңірге барып биоматериал жинап жатыр.  

Жобаға қатысушылардың бірі Айнұр Ақылжанованың айтуынша, ел азаматтарының генетикалық құрылымын зерттеу арқылы      Қазақстанда кездесетін қатерлі ауруларға баға беруге және оның емін табуға болады.

Әрі қазақстандықтардың ортақ генетикалық базасын құрып, оны  халықаралық базалармен салыстыруға, соның негізінде адамзат геномы картасындағы еліміздің "орнын" анықтауға болады.

"Біздің мақсат, бір жағынан, азаматтарымыздың қандай ауруға әлсіз, қандай патологиялық ауытқудың жиі кездесетінін анықтау болса, екінші жағынан, қазақ, орыс, ұйғыр және өзбек халықтарының эволюциялық тұрғыда қаншалықты бір-біріне жақын екенін анықтау. Одан әрі кәріс, жапон, араб және еуропа халықтарымен салыстырып көреміз", - дейді Ақылжанова.

Ғалымдар қазақ, орыс, өзбек және ұйғыр ұлттарының ДНҚ-сын жинап жатыр. Бұлар – елде ең көп таралған ұлт пен этностар.

Әзірше алғашқы кезеңге сәйкес, 500 адамның биоматериалы жиналды. Барынша көп материал жинау көзделуде. Статистикалық дерек көп болған сайын оның шынайылығы мен нақтылығы да соғұрлым жоғары болмақ.

"Бір ғана ұлттың генін алып зерттеуге болмайды. Өйткені Қазақстан сан ұлттың аралас-құралас болғаны мекені. Ұлы Жібек жолы өткен, Шығыс пен Батыс, Азия мен Еуропа байланысқан мекен. Сондықтан қазақ халқының өзі көршілес жатқан түрлі халықтармен қатынаста болғандықтан, тек қазақтың ғана генін зерттеу біршама ағаттық болады", - дейді зерттеуші.  

2019 жылдың қарашасынан бері ғалымдар Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарын аралады. Биыл пандемияға байланысты Алматы облысын аралауға мүмкіндік болмады.

Ғалымдар жиналған тұтас биоматериалдарды зерттеу үшін жасанды интеллект қолдануды құп көруде.

Қ. Слямбек