Контраст душтың 7 пайдасы

Контраст душтың негізгі принципі – ыстық су мен суық суды кезек-кезек құю. Мұндай процедураның ағзаға бірқатар пайдасы бар. Кинезитерапевт Валерий Павленко контраст душтың 7 түрлі пайдасын айтып берді.

Төмен температураның әсерінен ағза шынығады, суыққа бейім болады. Шыныққан адамда зат алмасу процесі жылдамырақ жүреді, терморегуляциясы дамиды, соның арқасында жылуды суық ортада жақсы сақтайды.

Ағзаның қызуын ретке келтіреді, жүрек-қан тамырлары жүйесін жоғары температураға дайындайды.

Бұлшықетке жақсы әсер етеді. Суық су ауыр жаттығудан кейін бұлшықеттің қалпына келуіне, жаттығудан кейінгі екі-үш күнде ауырсынбауға көмектеседі. Әсіресе, жаттығуға енді кірісіп, ертесіне дене ауырып қалғанда контраст душтың пайдасы зор. Сонымен бірге норадреналин, тестестеронның бөлінуіне әсер етеді.

Адамның эмоционал күйін тұрақтандырады, стрестің алдын алып, оның зардабымен күреседі. Яғни суық су ағзадағы несеп қышқылының мөлшерін азайтып, антиоксиданттардың қалпына келуіне жауапты трипептидтерді көбейтеді. Бір жағынан адамның дисциплинасын шыңдайды.

Жуынғанда ыстық пен суық суды қатар қолдану иммун жүйесіне жақсы әсер етеді. Басында суық су оксидант стресс әкелуі мүмкін. Бірақ дене үйреніп, шыңдалған сайын оксиданттарға бейімделеді, нәтижесінде ағзаның қорғаныс функциясы дамиды, вирустарға төтеп беруге дайын болады.

Контраст душ шаштың түсуін азайтып, жақсырақ өсуіне ықпал етеді. Яғни суық су шаш фолликулын ынталандырады. Сонымен бірге тері тазарады, коллаген мен эластин өндіріліп, тері майының табиғи балансына көмектеседі.

Суық су құйып жатқанда терең тыныс алған жөн. Себебі мұндайда бүкіл денеге қан жүріп, ағза жан-жақты жақсара түседі: сана тұнық, иммунитет берік болады, аяқ-қол жаурамайды.

Артық салмақтан арылуға көмектеседі. Суық су әсерінен дене жылуды жақсы бөледі де, калория мен артық майдан арылады.

Контраст душ барлық адамға бірдей жарай бермейді. Анемия, жүрек-қан тамырлары ауруына, тері ауруына шалдыққандарға, аяғы ауыр, бала емізетін аналарға, етеккір кезеңінде, дене қызуы көтерілгенде, инсульт және басқа да неврология патологиясы бар адамдарға контраст душқа түспеген жөн. Егер өз денсаулығыңызға сенімсіз болсаңыз, тексерістен өтіп, дәрігерден рұқсат алған дұрыс.