Алмаз Шарман: Коронавирус инфекциясының зардабы қандай?

Алмаз Шарман: Коронавирус инфекциясының зардабы қандай?
Фото: Freepik

Кейінгі уақытта менің достарымның, жақындарымның және туыстарымның көбісі коронавируспен ауырып жатыр. Олардың көбінде инфекция жеңіл түрде өтуде. Араларында ауыр жағдайда жан сақтау бөлімінде болғандары да бар. Ауру дендеп, күн санап науқастар саны көбейіп жатыр. Ақыр соңында көптеген адам коронавирустың ойдан шығарылмағанын, шындық екенін түсінгендей.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры

Әрине, кейбіреулер маған дәрігер ретінде кеңес алу үшін жүгінеді. Мен оларға міндетті түрде маска тағуды, әрдайым қолды жуып, арақашықтықты сақтауды айтамын. Ең дұрысы, үйде отырып, барлық қарым-қатынасты шектеген жөн.

Инфекция жұқтырған жағдайда ең алдымен отбасы мүшелерінен және басқа адамдардан оқшауланған абзал. Сондай-ақ, инфекция жұқтырғандарға мүмкіндігінше лимон қосылған жылы суды көп ішіп, ауыз және мұрын қуысын жиі жуып-шайып тұруды ұсынамын. Бұл вирустың ағзадағы концентрациясын төмендету үшін қажет, ол неғұрлым жоғары болса, айналадағыларға вирусты жұқтыру және асқынулар соғұрлым жоғары болады.

Коронавирус инфекциясының симптомдары пайда болған кезде асқынудың алдын алу үшін дәрігерлердің нұсқауын қатаң сақтау керек. Егер жоғары температура, әлсіздік, тұмау мен жөтел сияқты симптомдар сақталса, онда оқшаулануды тоқтатпау керек.

Коронавирустың көптеген дене мүшелеріне әсер етіп, қабынуды, қанның ұюын, жүрек, неврологиялық және басқа жүйелік бұзылыстарды тудыратыны белгілі. Коронавирустың негізгі көрінісі – өкпенің қатерлі қабынуына әкеп соғатын вирусты пневмония. Әдетте оны көкірек қуысына компьютерлік томография жасау арқылы анықтайды. Менің әріптесім, біраз жыл ЖИТС-пен қарсы күрестің жаһандық бағдарламасын басқарған әйгілі бельгиялық профессор Питер Пиот коронавирус инфекциясының ауыр түрімен ауырды. Оның айтуынша, бұл аздап әлсіздік пен құрғақ жөтелден басталып, арты ауыр пневмонияға ұласқан көрінеді. Бақытына орай, дәрігерлер оның өмірін құтқарып қалды.

Айта кететін жайт, ауру өкпенің толық зақымдануына әкеліп, көбіне өліммен аяқталады. Жақында Чикагодағы америкалық дәрігерлер коронавирус инфекциясы бар жас пациенттің қос өкпесін трансплантациялады. Науқастың аурудан зардап шеккені сонша, оның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы осы болатын. Он сағаттық күрделі операциядан соң, науқас өзін жақсы сезіне бастаған.

Коронавирус пандемиясы туралы айтқанда, басты назарды вирусты жұқтырғандарға және инфекциядан қайтыс болған адамдардың санына аударады. Ал аурудан айыққандар жайлы сирек айтылады. Қазіргі кезде әлемде коронавирустан миллионнан астам адам жазылып шықты. Қазақстанда 10 мыңнан асты.

Олар коронавирустан толығымен айыға ала ма? Алдында науқастар сауығып кеткеннен кейін де, біраз уақытқа дейін олардан коронавирус анықталатыны жайлы ақпарат болған еді. Жақында Оңтүстік Кореяда жасалған зерттеу нәтижесінде, бұл фрагменттер өлі вирустың бөлшектері екенін көрсетті. Яғни, иммун жүйесі ағзадағы коронавирусты тазартуға қабілетті.

Әйтсе де адамдар бұл індеттен айығып шыққанмен, коронавирустың салдары орасан зор. Кейбір адамда өкпенің, жүректің, бүйректің және де басқа мүшелердің бұзылыстары сақталады, ал бұл ұзақ мерзімді емдеуді қажет етеді. Аурудан айыққандар әлі де әлсіздікке, ентігуге, ес сақтау қабілетінің жоқтығына, иістерді ажыратудың нашарлығына шағымданады екен.

Алаңдайтын ең негізгі нәрсе – өкпе фиброзы. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл өкпедегі тыртықтар. Мұндай тыртықтар өкпенің толық тыныс алу мүмкіндігін шектейді.

Келесі жазбаларымда мен дұрыс тыныс алудың аурудан айықаннан соң қалпымызға келуге, өкпе, жүрек, жүйке және басқа да дене мүшелерінің ауруларының алдын алу үшін маңызы туралы айтамын. Біздің тыныс алуымыз күйзелісті жеңуді, өмір сапасы мен ұзақ өмір сүруді қамтамасыз ету үшін шешуші рөл атқарады.

 
А. Рысдәулет