- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тез қартайтатын тағамдар...
Тез қартайтатын тағамдар
Өңдеуден көп өткен тағамдар жасушылардың тез қартаюына әкеледі. Мұны испан ғалымдары анықтап отыр. Зерттеу қорытындысын La Vanguardia сайты хабарлады.
Нан өнімдері мен снек, газдалған сусындар, түрлі десерт пен тәттілер, қант қосылған жүгері қауызы, жартылай фабрикаттар мен қалпына келтірілген ет өнімдері – өңдеуден көп өткен өнімдер саналады. Яғни, ультраөнделген тауарлар.
Өнделген өнімдердің құрамында қант пен тұз, консерванттар мен бояғыштар, май көп болады. Есесіне, витамин аз.
Зерттеу жасаған Наварра Университеті ғалымдарының айтуынша, мұндай тағамдарды көп жеген адамның жасушасындағы хромосомалардың ағзаны қалпына келтіруші бөліктері – теломер азайып кетеді. Теломер уақыт өткен сайын ағзаның табиғи жасына сай азайып қысқарады, алайда өңдеуден өткен тағамдар теломерді уақытынан бұрын азайтып жібереді.
Зерттеу тобы 57 мен 91 жастағы 886 адамға тәжірибе жасаған. Олар тәжірибеге қатысқан адамдардың күнделікті рационы мен жасының арасындағы арақатынасты салыстырған. Сол кезде күніне 3 порция өңделген азық-түлік тұтынған адамдардың теломері екі есе тез қысқарғаны мәлім болды.
Қ. Слямбек