Компьютер алдында ұзақ отырудың зияны

Компьютер алдында ұзақ отырудың зияны
Фото: Freepik

Уақытымыздың басым бөлігін компьютер алдында өткізу күнделікті жайтқа айналды. Ұзақ уақыт бір орында қозғалмай отырудың зияны бар екенін біле тұра жұмыста да, үйде де компьютер алдында отыруға құмармыз. Осы орайда компьютер алдында ұзақ отырудың қандай зияны бар екенін назарыңызға ұсынуды жөн деп шештік.

Адам отыра салысымен, бұлшықеттердің жұмысы бәсеңдеп, калорияны жою жылдамдығы минутына 1 килокалорияға дейін төмендейді. Тапжылмастан 3 сағат отырғаннан кейін қан тамырлары кішірейіп, қан айналымы нашарлайды.

Егер 2 апта бойы күніне 6 сағаттан отырсаңыз, ағзадағы холестерин мөлшері артып, артық салмақ қосуыңызға себеп болады. Майды ыдырататын ферменттердің жұмысы нашарлай түседі. Адам қимылдағанда миды қанмен, оттегімен, көңіл күйге жауапты гормондармен қамтамасыз етеді, ал ұзақ уақыт қимылсыз отыру мидың жұмысын  бәсеңдетеді.

Кеңсе қызметкерлері сағат сайын 5-10 минут үзіліс жасап, бой сергітуі қажет. Дәрігелер түскі ас алдында 30 минут таза ауада жүріп, жұмыс уақыты біткен соң да далада серуендеуге кеңес береді.

Көзге әсері

Экранның жыбырлауы, мәтінді жоғары-төмен айналдырғанда көздің бұлшықеттеріне салмақ түсіп, уақыт өткен сайын көру қабілеті нашарлай түседі. Сіз оны байқамауыңыз да мүмкін. Компьютер алдында жұмыс істегенде экранның жыпықтау жиілігі үш есе азайып, көзжас сұйықтығы қабықшасы кеуіп, көздің құрғауына әкеп соғады.

Көздің құрғауы – комтьютерде көп уақыт өткізетін адамдарда жиі кездесетін ауру түрі. Симптомы: тез шаршау, қатты жарыққа шыдамау, көзде қоқым бардай сезіну, көздің қызаруы және қышуы. 

Қабықша құрғаса, көру қабілеті 0,5 диоптрийге түседі. Оның алдын алу үшін компьютер алдында 40 минуттан артық отырмай, көзге арнайы дәрі тамшыларын тамызу қажет. 

Омыртқа жотасына әсері

Компьютер алдында ұзақ уақыт отырған кезде жотаға ғана салмақ түсіріп, басқа бұлшықеттерді қимылдатпаймыз. Осының салдарынан омыртқа жотасындағы зат алмасуы бұзылып, остеохондрозға әкеп соғады. 

Остеохондроз – омыртқа дискілерінің бүлінуі. Ұзақ отырған сәтте омыртқа дискілеріне түсетін салмақ артып, жарықтың пайда болуына себеп болуы мүмкін.  

Білекке әсері

Клавиатура не тышқанмен жұмыс істегенде білек ауырсынуы мүмкін, ал саусақтар ұйып, ісінеді. Мұның бәрі ұзақ уақыт бірыңғай қимыл жасай бергеннен болады. Компьютерде жұмыс істегенде қолдың барлық бұлшықеті емес, тек санаулы бөлігі ғана іске қосылады. Соның салдарынан қан айналымының жұмысы бұзылып, білек каналы синдромының пайда болуына әкеп соғады.

А. Рысдәулет