Ауыз қуысынан шығатын жағымсыз иісті кетіру

 Ауыз қуысынан шығатын жағымсыз иісті кетіру
Фото: hi-news.ru

Дүниежүзіндегі миллиондаған адам күн сайын галитоз сияқты проблемамен бетпе-бет келеді. Дәрігерлер мұндай проблемалаға немқұрайлы қарау үлкен қателік дейді. Себебі ауыз қуысында жағымсыз иістің пайда болуы денсаулыққа байланысты проблемалардан туындауы мүмкін. Бұл жазбамызда галитоздың пайда болуының себептерімен қатар Гарвард университеті медицина мектебінің ғалымдары қандай кеңес беретінін де айтамыз.

Ауыздан неліктен жағымсыз иіс шығады?

Кез келген адамның ауыз қуысынан жағымсыз иіс шығады. Кейбір адамдар үшін бұл күрделі мәселе. Гарвард медициналық мектебі зерттеушілердің айтуынша, адамдардың шамамен 30 пайызы үнемі осы мәселенің шешімін іздейді. Шын мәнінде, галитоз көбінесе таңертең ұйқыдан оянғаннан кейін немесе сарымсақ жегеннен кейін пайда болады. Жағымсыз иістің басқа себептеріне ішімдіктер (алкогольді ішімдіктер немесе кофе) мен темекі шегу жатады.

Темекі шегу – ауыз қуысынан жағымсыз иіс шығудың жиі кездесетін себебінің бірі. Бұл электронды темекіге де қатысты.

Кейбір адамдар мұндай проблеманы білмеуі мүмкін және ол туралы туыстарынан, досынан немесе әріптесінен естіп жатады. Бұл өз-өзіне деген сенімсіздікті тудырады. Ондай адамдар жұрт жиналатын орыннан аулақта, адамдармен тығыз қарым-қатынас жасаудан қашқақтайды. Галитоздан дер кезінде емделген жөн. Жағымсыз иістің пайда болуы ішкі ағзадағы сырқаттың белгісі болуы мүмкін. 

Ауыз қуысының гигиенасы мен тіс ауруы

Бала кезімізден тісімізді күніне екі рет жуу керек деп үйретті. Бірақ тіс дәрігерлері әр тамақ жеген сайын тіс тазалау артықтық етпейтінін айтады. Ауыс қуысындағы жағымсыз иіс тіс пен тілде жиналатын бактериялардан да туындайды. Гингивит және пародонтит сияқты тіс аурулары мен ауыздың құрғауы (сілекей бездері ауыздағы табиғи ылғалды ұстап тұру үшін жеткілікті сілекей шығармайтын жағдай) көп жағдайда галитоздың пайда болуына себеп болады.

Тіспен қоса тілді да тазалап отыру қажет. Ол үшін арнайы құрылғылар да бар.

"Тіс дәрігеріне алты айда бір рет бару керек" деген кеңесті тіс дәрігерлері бекер айтпайды. Тіс дәрігері тістегі аурулар мен ауыз қуысынан шығатын жағымсыз иістерді емдейді немесе галитоз ішкі ағзаға байланысты болса оның себебін анықтайды. Тіс кариесі, периодонтит және қызылиектің қабынуы сияқты ауруларды дер кезінде емдемесе галитоздан да құтылуыңыз қиынға соғады.

Ішкі ағза аурулары

Тонзиллит, әртүрлі тыныс жолдарының инфекциясы, мысалы синусит немесе бронхит, сонымен қатар кейбір асқазан-ішек аурулары да ауыз қуысынан жағымсыз иістің шығуына алып келеді. Сонымен қатар, прогрессивті бауыр немесе бүйрек аурулары және қант диабеті галитоздың тағы бір себебі. Дегенмен, дәрігерлер мұндай жағдайда адамда жағымсыз иістен бөлек ішкі ағзаның ауырсынуы да байқалатынын ескертеді.

Осындай жағдайлар байқалатын болса міндетті түрде дәрігерге оның ішінде тіс дәрігеріне барғаныңыз жөн. Ауыз қуысынан шығатын жағымсыз иістің себебін анықтау үшін мамандар галитозды тудыратын арнайы шкала мен құралдарды пайдаланады. Дәрігер адамның мұрын немесе ауыз арқылы шығаратын иісі немесе пациент қолданған щетканың иісі арқылы анықтайды.

Көп жағдайда жағымсыз иістің пайда болуы  ауыз қуысының гигиенасына байланысты

Жағымсыз иістен қалай арылуға болады?

Галитоздан құтылатын бірнеше пайдалы кеңестер:

• Тіс гигиенасы – күніне кемінде екі рет тісіңізді жуыңыз. Мүмкін болса, оларды әр тамақтан кейін тазалаңыз.

• Тіс щеткасын үнемі ауыстырып отырыңыз немесе ультрадыбысты тіс щеткасын сатып алыңыз. Ол тісті жақсы тазартады.

• Темекі шекпеңіз.

• Егер  аузыңыз құрғап кете беретін болса, бір күн ішінде жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішіңіз, құрғақ ауыз қуысына арнайы спрей немесе ылғалдандыратын гельді де қолдануға болады. Егер жақсару байқалмаса, дәрігермен кеңесуді ұмытпаңыз.

• Тіс дәрігеріне үнемі барып тұрыңыз. Есіңізде болсын, галитоздың ең көп таралған себебі гигиенамен байланысты.

• Дәрігермен кеңесіңіз, асқазанға байланысты проблемалар болуы да мүмкін.

Т. Раушанұлы