Гайморитті үйде емдеу

Гайморитті үйде емдеу
Фото: med-explorer.ru

Гайморит ауруының негізгі қоздырғыштары – инфекция мен вирустар, бактериялар. Инфекция мұрын қуысы және қан арқылы гаймор қуысына түсіп, оны зақымдайды. Көп жағдайда жоғары жақ тіс тамырларын қоршап жатқан етті аумақ жұмысының қалыпты жағдайдан ауытқуынан вирустар мен бактериялар гаймор қуысына еніп кетеді.

Гайморит ауруының негізгі белгісі әуелі бас ауырады және мұрынмен тыныс алу қиындайды. Сонымен қатар мұрыннан қою сұйықтық ағады, тұмау ұзаққа созылады. Иіс сезу қабілеті мен ұйқыны бұзатын бұл ауруды халықтық медицинамен үй жағдайында емдеудің бірнеше жолдары бар.

Картоп

Картопты қабығымен қайнатыңыз. Қайнату арқылы картоп қабығындағы микробтар мен өзге де жұқпалы вирустарды өлтіруге болады. Содан соң қайнатылған картоптың суын төгіп тастайсыз. Басыңызды орамалмен бүркеп, картоптың буына дем алыңыз.

Лимон шырыны

Мұрынды лимон шырынымен шаясыз. Ол үшін 1 лимон және қайнаған жылы су қажет. Лимон шырынын барынша сығып алып, үстіне қайнаған жылы су құйыңыз. Сосын оны кеңірек ыдысқа құйып, басыңызды иіп, мұрныңызбен сол тұнбада дем алыңыз. Дем алғанда тұнба мұрынның ішіне кетуі қажет, сосын оны аузыңыздан шығарасыз. Бұл мұрынды тазалау үшін қажет.

Жұмыртқа

Гайморит дендеген орындарды бүтіндей қайнатылған жұмыртқамен жылытады. Ыстық жұмыртқаны майлыққа (орамал) орау қажет, майлыққа оралған жұмыртқаны мұрынның екі жағында әбден суығанша ұстау керек. Бұл процесс жатар алдында орындалса, әсері мол болады.

Йод

Қайнатылған жылы суға йод тұнбасының бірнеше тамшысын немесе маргонцовканың бірнеше түйірін қосып, осы қоспамен мұрын танауларын шаю қажет. Гайморитпен ауырғандардың көпшілігіне тұзды сумен мұрнын шаю да өз пайдасын тигізеді. Мысалы, тұз салынған жылы суды мұрынмен ішке тартып, ауызбен түкіріп тастайды.

Бал мен зәйтүн

Табиғи балды зәйтүн майымен тең мөлшерде араластырыңыз. Шалқаңыздан жатып, танауға 3-4 тамшыдан тамызу қажет. Осыдан кейін 2 сағатқа дейін далаға шықпаған дұрыс.

Бұл аурумен ауыратындар мынаны ескергені дұрыс. Салқын тигізбеу және тұмау ауруының кез келген белгісі байқала салысымен тез арада емдеу. Сонымен қатар барлық дәрігерлік кеңестерге құлақ асу қажет.

Бұл аураға немқұрайлы қарауға болмайды. Себебі гайморитті дер кезінде емдемесе, кеңсірікке түскен ірің миға шауып, менингит ауруына ұласуы мүмкін. Сондықтан халықтық әдістермен емдеуден басқа маман-дәрігерлердің де көмегінен бас тартпаған дұрыс.

Н. Үсенова