- Негізгі бет
- Денсаулық
- Коронавирус сөйлесу кезінде...
Коронавирус сөйлесу кезінде жұға ма?
Қазіргі зерттеулерге көз жүгіртсек, коронавирустың негізінен түскен жері арқылы жұғатыны айтылады. Мәселен, заттың бетіне түсіп соны адам ұстаса, коронавирус жұғады. Ал ауа, сілекей мен тамшы арқылы қаншалықты жұғатыны әлі зерттелмеген.
Адам түшкіріп не жөтелген кезде айналаға өкпеден бөлініп респираторлы тамшы тарайды да, басқа адамдарға жұғады. Ал адам жай сөйлеп тұрғанда ауаға коронавирус тарауы мүмкін бе?
Адам сөйлеген кезде ауаға, айналаға аэрозольды бөлшектер таратады. Оның ішінде өкпеден шығатын тыныс алу бөлшектері де бар. Бұл көзге көрінбейтін бөлшектер болғандықтан, оның ішінде коронавирус та болуы мүмкін.
Соған орай АҚШ ғалымдары SARS-CoV-2 коронавирусының сөйлесу кезінде жұғатын-жұқпайтынын білу мақсатында деректерді жинап көрген екен. Зерттеу нәтижесі Аerosol Science and Technology журналында жарияланған.
Нью-Йорк қаласындағы Икан медициналық мектебі мен Калифорния университетінің ғалымдары COVID-19 жұқтырған науқастардың сөйлесу кезінде коронавирус инфекциясын қаншалықты тарататынын бақылаған.
Ғалымдардың айтуынша, адам дауыстап сөйлеген сайын ауаға таралатын аэрозольды бөлшектер де көп болмақ. Одан бөлек, адамдардың арасында аэрозольды бөлшектерді 10 есе көп бөлетін адамдар да бар. Бұларды суперэмиттер деп атайды. Мәселен, коронавирус жұқтырған, алайда белгілері әлі байқала қоймаған «науқас-суперэмиттер» ауаға 6 мыңға дейін аэрозольды бөлшек шығарады. Ал ауаға таралған мұнша тамшыны жанында сөйлесіп тұрған адамның жұтпауы мүмкін емес.
Адам көп сөйлеген кезде өкпесінен сұйықтық бөлініп ауаға таралуы мүмкін. Егер өкпеден бөлінген сұйықтық ауаға таралса, онымен бірге коронавирустың да ауаға шығатыны анық.
– Коронавирустың аэрозольды тамшылар арқылы ауаға тарала ма әлде жоқ па, ол жағы белгісіз. Нақты ғылыми дерек жоқ. Алайда адамның сөйлеген кезде ауаға көп тамшы мен тыныс алу бөлшектерін тарататынын ескерсек, олардың арасында коронавирустың да болуы мүмкін екендігін жоққа шығара алмаймыз. Коронавирус жұқтырып, оның белгілері әлі байқала қоймаған «науқастардың» өзі де сөйлесу кезінде вирус таратуы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік қатынас кезінде адамдардың бір-бірінен алыс болғаны, әлеуметтік дистанция ұстанғаны жөн. Адамдар сөйлескен кезде масканы шешіп қажет емес, – дейді Калифорния университетінің ғалымы Уильям Ристенпарт.
Қ. Слямбек