Коронавирус CoVID-19: Жауабы беймәлім сұрақтар

Коронавирус ресми түрде алғаш рет 31 желтоқсанда Қытайдың Ухань қаласында тіркелді. Кейін Дүниежүзілік Денсаулық cақтау ұйымы коронавирустың жаңа түрін пандемия деп атады. Бүгінде 170-ке жуық мемлекетте вирус анықталып, 400 мыңнан астам адам жұқтырып үлгерді. Дегенмен барлық жанның көкейінде жүрген кей сұрақ әлі күнге дейін жауапсыз.  

Коронавирусты қайта жұқтыру мүмкін бе?
Деректер бойынша, әзірге тек төрт медицина қыметкерінің қайтадан жұқтырғаны белгілі болған. Екінші рет ауырған кезде белгілер аса байқала қоймаған әрі ауру алғашқыға қарағанда жеңіл өткен. Ухань университетінің зерттеушілері олардың қайта жұқтырғаны туралы ақпарат тесттегі қателік болуы мүмкін деп болжаған деседі, –  El Pais испан басылымында. Зерттеушілер шындыққа көз жеткізу үшін тестті бірнеше рет жасап жатыр.

Одан бөлек, ғалымдар жануарларға жасалып жатқан тәжірибе арқылы екінші қайта жұқтыру мүмкіндігін жоққа шығарды.  Қытай зерттеушілері коронавирус жұқтырған макакалар толықтай емделгеннен кейін вирусты аймақта жүрсе де, қайта вирус жұқтырмағанын байқаған. Зерттеудің алғашқы нәтижелерін BiorXiv серверіне жүктеген. 

Күзде пандемия аяқтала ма?
1918 жылы тараған испан тұмауы бір жылға жуық уақыт ішінде миллиондаған адамның өмірін жалмаған болатын. Соның ішінде, басым бөлігі жылдың аяғына таман басталған екінші толқын кезінде қайтыс болған. Лондон Патшалық колледжінің зерттеушілерінің айтуынша, CoVID-19 вирусына байланысты карантинді тоқтатқаннан кейін екінші толқынның болуы әбден мүмкін. Одан бөлек олар карантин шаралары неғұрлым күшті болса, соғұрлым екінші толқын кезінде адам көп зардап шегеді деп жеткізді. 

Коронавирус мутацияға ұшырай ма?
Эволюция тұрғысынан "ең сәтті вирустар" қатарына нәтижесінде көп өлімге себеп болған емес, керісінше жылдам тарайтын жұқпалы түрлері жатқан. Көп жағдайда олар уақыт өте мутацияға ұшырап, қауіпсіз түрге айналады да, "иесінің" күнделікті өміріне кедергі келтірмейді. Коронавирусты да сол вирус түріне жатқызғанымен, оның мутацияға оңайлықпен ұшырай қоймайтыны белгілі болған.

Қалай дегенмен, бұның барлығы – бүгінге дейінгі зерттеу нәтижелерінен туған болжам. Әзірге ешкім нақты жауабын білмейді. Сондықтан, бүгін біздің қолымыздан тек өзіміз бен өзгенің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, айтылған барлық сақтық шараларын ұстану ғана келеді.


Бөлісу: