- Негізгі бет
- Денсаулық
- Күніне қанша жұмыртқа...
Күніне қанша жұмыртқа жеген дұрыс?
Адамға көп жұмыртқа жеуге болмайды. Өйткені жұмыртқаның құрамында холестерин көп, бұл қан тамыры ауруларына не атеросклерозға әкелуі мүмкін. Мұны Гарвард университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің мамандары айтып отыр, деп хабарлайды CNN Health.
Тамақтану кафедрасының меңгерушісі Фрэнк Худың айтуынша, адам күніне бір не екі жұмыртқадан аптасына бір-екі рет қана жегені жөн. Одан көп жесе, ағзада холестерин көбейіп кетуі мүмкін. Ал холестерин тамырды бітеп, қан айналымына кедергі келтіреді.
Ғалымдар күніне қанша жұмыртқа жеу керектігін анықтау үшін 34 жыл зерттеу жүргізген екен. Экспериментке созылмалы дерті жоқ 215 мың адам қатысқан. Ер адам да, әйел адам да бар.
- Зерттеуге қатысқандардың көбі – күніне, салыстырмалы түрде, бір жұмыртқа жейтін адамдар. Таңғы асқа екі жұмыртқа жегеннің өзінде көбі аптасына 2-3 рет қана жұмыртқа жейді. Сонда орташа есеппен бәрібір бір жұмыртқа жейтін болып шығады, - дейді Ху.
Зерттеу жүргізгеннен кейін ғалымдар 2-ші типтегі қант диабетімен ауыратын жандарға жұмыртқаны аз жеу керек деген қорытындыға келген. Өйткені жұмыртқа қан тамыры ауруларын асқындыруы мүмкін. Ал қалған адамдарға күніне 1-2 жұмыртқа жесе жетіп жатыр.
Азия құрлығында тұратын халықтарда жүрек ауруымен ауыратындар аз. Ғалымдардың айтуынша, азиаттар жұмыртқаны аз жейтіндіктен, жүрек ауруына аз шалдығады. Ал еуропа пен америка тұрғындары – жұмыртқа көп жейтіндер.
Қ. Слямбек