- Негізгі бет
- Денсаулық
- Теріде жиі кездесетін...
Теріде жиі кездесетін ауру
Экзема (қотыр) – терінің ауруы. Қайталанбалы, созылмалы, оңайлықпен кетпейтін кесел. Медициналық статистика бойынша, тері ауруының 40%-ы осы дертке тиесілі.
Экземаның пайда болуына алғышарт жасайтын себеп көп. Тіпті оны кешенді, қабаттасқан әсердің салдары десек те қателеспейміз. Ондай қозғаушы, әсер етуші себептің қатарында эндокриндік те, зат алмасушылық та, экзогендік те жағдайлар бар. Мамандар осы жағдайлардың бәрін топтастыра келіп, экзема тудырушы ықпал қатарына мыналарды жатқызады:
— Аллергияға шалдығуға тұқым қуалаған бейімдік;
— Иммундық өзгерістер;
— Гормондық бұзылулар;
— Бауырдың, асқазан-ішек жолының аурулары мен табанның микоздық кеселге шалдығуы;
— Торығуға, күйзелуге, жүйкенің түрлі ақауларына ұшырау.
Жүйке сыр берген кезде терідегі экзема бөрткендерді бұрынғыдан бетер қышиды. Ондайда сырқат адам өз денесін өзі қышып, тырнап тастайды. Балада экзема кеселі нәресте кезден басталуы мүмкін. Оған оның денесіндегі экссудативті диатез, атопиялық дерматит сырқаттары алғышарт жасайды.
Экзема адамның айналысатын кәсібіне қарай да пайда болады. Мәселен, металлургиялық зауыттағы, химиялық-фармацевтік кәсіпорындағы, азық-түлік өндірісіндегі жұмыс осындай дерттің пайда болуына себеп болуы мүмкін. Бір ескертетін жағдай экзема туғызушы зат онымен жұмыс істеп жүрген адамға бірден әсер етпеуі ықтимал. Алайда ол біртіндеп әсер ете бастайды да, одан әрі тұрақты әсер етуге көшеді.
Экземаның негізгі белгілері:
Терінің үстіне қаптап көпіршік бөрткендер шығады. Олар бірте-бірте жарылып, бір-біріне қосылып, тұтасып кетеді. Жарылғаннан кейін көпіршікті бөрткендер ішіне бұлық тұнған ойыққа айналады. Одан әрі беті қабыршықтанып, қабынудың нақты күйіне енеді. Сонымен қатар кеселді қасыған сайын қышуын үдете түседі.
Мамандар экземаны шынайы, микробты, қайызғақты, кәсіптік және балалар экземасы деп бөледі. Олардың әрқайсысының өзіне тән белгілері бар. Мәселен:
Шынайы экзема. Бұл терінің қызаруынан басталады. Қызарған тұстардың белгілі бір шекарасы, жиегі болмайды. Бөрткендер жалпы денеге, әйтпесе аяқ-қолдың терісіне, басқа да тұстарға таралуы мүмкін.
Микробты экзема. Оның пайда болуына стафилококк немесе стрептококк сияқты инфекциялық қоздырғыштар әсер етеді. Мұндай инфекциялар тәнінің ауруға қарсы тұру қабілеті әлсіреген адамдарда жиі кездеседі. Микробты экземаның пайда болуына денедегі жазылмай жүрген жарақаттың да әсері болуы мүмкін.
Балаларда экзема қотыры алдымет бетке, шаш арасына шығады. Ол содан кейін барып, дененің басқа тұстарына тарайды. Бөксе, шат қыртыстарына шығуы да мүмкін.
Қабыршықты экзема. Ол терінің май бездері мол шоғырланған тұстарында пайда болады. Мысалы, бетке, шаш арасына, жауырын ортасына, құлақ қалқанына, кеудеге шығуы мүмкін. Экземаның бұл түріне оның бетін жауып тұратын майлы, сарғыш қабыршық тән. Кәсіптік экзема терінің алақан, иық, мойын, бет секілді тұстарынан байқалады. Себебі өндірісте қолданылатын химиялық заттар ең алдымен дененің осындай ашық тұстарына әсер етеді. Экземаның бұл түрінің емделмей-ақ айығып кететін кездері аз емес. Ол үшін науқас адам жұмысын ауыстырып және өзіне жағымсыз әсер ететін химиялық затқа жоламауы тиіс.
Н. Үсенова