- Негізгі бет
- Денсаулық
- Баладағы соқырішектің белгілері...
Баладағы соқырішектің белгілері қандай?
Баланың соқырішек болуы – жиі кездесетін жағдай. Егер ауруды уақытында анықтаса, ол бала өміріне қауіп төндірмейді. Алайда көпшілік ата-ана соқырішекті асқазан ауруларымен немесе тамақтан уланып қалумен шатастырады. Оның үстіне бала қай жері ауырып тұрғанын қолымен көрсете алмауы да мүмкін. Ендеше, баладағы соқырішектің белгілері қандай?
Баланың соқырішек болуының негізгі себептері:
- Аппендикске тамақтың түсіп кетуі. Нәтижесінде, тамақ қалдықтары шіріп кетеді де, қабыну басталады;
- Тамақты өте көп мөлшерде жеу. Баланы пайдалы әрі үйлесімді тамақтандыру керек;
- Іш қату секілді асқазан аурулары уақыт өте соқырішекке әкелуі мүмкін;
- Иммунитеттің әлсіреуі;
- Тұқымқуалаушылық. Кейде бала бұл аурумен ата-анасы соқырішек болған жаста ауырады.
Баладағы соқырішектің белгілері:
- Іштің ауыруы. Соқырішек кезінде баланың іші қатты ауырады. Оның асқазан-ішек жолы ауруларынан айырмашылығы – соқырішек кезінде іштің ауырғаны бір күшейіп, бір әлсірейді, бірақ ауырғаны тоқтамайды. Сондай-ақ бала оң жағымен жата алмайды және оң жаққа қозғалғысы келмейді;
- Тәбеттің болмауы;
- Жүрек айну, құсу, іш өту;
- Температураның көтерілуі. Соқырішек кезінде баланың температурасы 38 градустан түспеуі мүмкін. Кейде 40 градусқа дейін көтеріледі;
- Әлсіздену, бозару және шөлдеу.
Егер балада соқырішек деп күмәндансаңыз, дәрігерлер мынадай ұсыныстарды сақтауды сұрайды:
1. Соқырішек белгілерін байқасаңыз, бірден дәрігер шақыртыңыз. Әрине, бала жай ғана өте көп немесе жарамдылық мерзімі өткен тамақ жеп қойған болуы мүмкін. Алайда белгілерді асқазан ауруларынан айыра алмасаңыз, аппендицит диагностикасын жасатқан жөн.
2. Дәрігерге қаралу уақытын созуға болмайды. Аппендицит жылдам дамиды, ол жарылып кетуі де мүмкін. Ал оның ішіндегісі құрсақ қуысына түсіп кетсе, барлық ағза зақымдануы мүмкін.
3. Соқырішек деп күмәнданған кезде баланың ішін мүлдем қыздыруға болмайды. Ата-ана баланы уайымдап, ауырғандығын жеңілдетемін деп түрлі әдістер қолданып кетеді. Мысалы, іші ауырса, оған жылы зат басады. Ал соқырішек кезінде ішке жылы зат басу арқылы оны асқындырып алуыңыз мүмкін.
4. Баланың іші қатты ауырғанда жедел жәрдем шақырып, балаға ауруды басатын дәрі бермей тұра тұрыңыз. Себебі ол дәрігердің дұрыс диагноз қоюына кедергі жасауы мүмкін.
5. Дәрігер келгенше баланың жанынан кетпеңіз. Оны тыныш бөлмеге жатқызыңыз. Егер бала құсып жатса немесе іші өтіп жатса, аз-аздан су бере беріңіз.
А. Жапатова