В6 дәрумені қандай азық-түлікте бар?

В6 дәрумені қандай азық-түлікте бар?
Фото: livescience.com

1934 жылы венгр дәрігері П.Гиорги тышқанның аяқ-қолындағы дерматиттің айрықша формасын емдейтін затты анықтады. Ол кейін В6 дәрумені деп аталып кетті.

В6 дәрумені не үшін қажет?

Суда еритін В6 дәруменінің үш түрі бар: пиридоксин (ең кең таралғаны), пиридоксинал және пиридоксамин. Олар бір-бірімен тығыз байланысты және бірге әрекет етеді. Олардың басты функциясы – антиденелерді және қандағы қызыл қанды жасушыларды "жасау".

В6 дәрумені ақуыз бен майдың дұрыс зат алмасуына ықпал етеді. Жүйке және тері ауруларымен күреседі. Жүрек айнуын жеңілдетеді. Теріні ерте қартаюдан қорғайды.

Жасы үлкен кісілер үшін В6 дәрумені – нағыз қорғаушы. Бұл дәрумен түнде аяқ сіңірінің тартылуын, бұлшық еттің қатты жиырылуын, қол мен аяқтың ұйып қалуын кетіреді. Ол табиғи несеп айдатқыш құрал ретінде де жұмыс істейді. Пиридоксин диабетке шалдыққан адамдардың қанындағы қант мөлшерін азайтады.

Дәрігерлер В6 дәруменін анемия, жүктілік кезіндегі токсикоз, ауа және теңіз ауруы, гепатит, жүйке жүйесі аурулары және түрлі тері аурулары кезінде жазып береді.

В6 дәрумені қандай азық-түлікте бар?

В6 дәруменін сыра ашытқысынан, бидай кебегінен және бауыр, бүйрек, жүректен алуға болады. Сондай-ақ B6 витаминін сіңіру үшін сиыр етін, нәлім мен тунец балығын, сүт пен жұмыртқа жеу керек.

Көкөніс жегенді ұнататындар бұл дәруменнің тәуліктік нормасын қауын, гүлді қырыққабат, сарымсақ пен брокколиден ала алады.

В6 дәруменінің тәуліктік нормасы қандай?

Сәбилерге тәулігіне 0,5 мг-ға дейін беру ұсынылады. 10 жасқа дейінгі балаларға күніне шамамен 1,6 мг, ал жасөспірімдерге 1,7-2 мг дәрумен беру керек.

Ересек әйелдерге – 1,8 мг, ер адамдарға – 2,0 мг. Дәрігер жүкті және емізетін әйелдердің тәуліктік нормасын 2,3 мг-ға дейін көтеруі мүмкін. 75 жастан асқан кісілерге күніне 2,3 мг-нан аз ішпеу ұсынылады.

А. Жапатова