Анасы жеген тамақ балаға сүт арқылы барады деген рас па?

Анасы жеген тамақ балаға сүт арқылы барады деген рас па?
Фото: pixabay.com

Халық арасында емізулі баласы бар ана көп тамақ жеуі керек деген түсінік бар. Алайда оның себебін әркім әрқалай түсінеді. Көбі анасы не жесе, балаға да сол тамақ сүт арқылы барады дейді, бұл қаншалықты шындыққа жанасады? 1991 жылы АҚШ ғалымдары осы сұрақ төңірегінде тереңірек зерттеп, мынадай қорытынды шығарды.

Ана қандай жағдайда болса да, қандай тамақ жесе де, ағзасы сүт бөлуге қабілетті. Тіпті анасы белгілі бір диета ұстанып, көп тамақтан шектелсе де, баласы дені сау, қалыпты деңгейде өсуге мүмкіндік бар. Пайдалы тағамдарды молырақ жеуі бала үшін емес, ананың өз денсаулығы үшін ғана қажет. Сүті қою не сұйық, сапалы болуы жеген тағамдарына байланысты емес.

Гамбия, Эфиопия секілді елдерде күн көріс қиын, азық аз екені белгілі, осы жерде де аналар баласын омырау сүтімен асырай алады. Олар тамақ құнарлылығын қанша арттырса да, ол сүттің сапасын өзгертпейтіні анықталған. Көбірек тамақтану сүтті молайтпайды, ана ағзасындағы май үлесін көбейтіп, тері асты майларына айналады екен.

Бұл нені көрсетеді? Демек баланы тамақтандыру үшін ешқандай диетологтың, дәрігердің көмегіне жүгінудің қажеті жоқ. Ағзаңыз қандай сүт бөлуге қабілетті, сондай сүт қана шығады. Жүктіліктен бала емізу кезеңіне өту ешқандай артық мәселе, қиындық туғызбауы керек. Тек тәбетіңіз ашылып, жиі-жиі шөлдеп, қарныңыз ашқанын байқауыңыз мүмкін. Бұл жағдай балаға ешқандай әсер етпейді, тек ананың өз денсаулығы үшін ғана дұрыс тамақтануы қажет. Бала мен не жесем, соны қабылдайды деп, өзіңізді белгілі бір тамақтардан шектеудің не көңіліңіз қаламаған асты өзіңізді қинап ішудің қажеті жоқ.

@. @assel_assanova