Асқазанның жедел қабынуы

Асқазанның жедел қабынуы
Фото: graphixto.com/

Бүгінде көптеген адамдар асқазан ақауларынан зардап шегіп отыр. Сонымен қатар сырқатты әбден асқындырып алып, емін таба алмай отырғандардың жағдайы тым ауыр. Саныңызды соғып қалмас үшін, асқазанның ауырсынуы байқалған жағдайда міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Дәрігердің сізге тағайындайтын дәрі-дәрмектері сізге жәрдем бере алады. 

Асқазанның жедел қабыну (острый гастрит) кезінде бастапқы 1-2 күнде тәулігіне 1 жарым 2 литр жылы сусын ғана ішуге рұқсат етіледі. Атап айтқанда, оның лимон қосылған қайнаған су, аздап қант салынған шай болуы мүмкін. Одан әрі химиялық, механикалық, сонымен қатар қайнату тәсілдерімен әзірленген ас-судан 2-3 күндік жеңіл, жұғымды ем-дәм (диета) тағайындалады. Сонымен қатар нан және басқа да ұннан әзіленген тағамдар жеуге тиым салынады. Жұмыртқа мен сүт, кілегей, сары май қосылған сұлы, күріш, жарма, майда ұнтақтан (маная крупа) әзірленген қою быламық ішу ұсынылады.

Күніне бір мезгіл сиырдың, бұзаудың, тауықтың пісірілген, езілген етін немесе буға әзірленген суфле жеуге рұқсат етіледі және сүт, кілегей, езілген жас сүзбеден (творог) әзірленген суфле де дастарқан мәзіріне енеді. Майда ұнтақ, қара құмық (гречка), сұлы, күріш жармасынан сүт немесе кілегей қосып әзірленген сұйық ботқа жеуге рұқсат етіледі. Сүт немесе кілегей құйылан тым қанық емес шай, шиповниктің тұнбасын (отвар) ішуге  болады.

Асқазанның қышқылы жоғарылаған немесе жай қабынуы асқынған кезде бөлек ем-дәм ұсынылады. Онда осы ағза кеселінің химиялық, механикалық сипаттағы жай-күйі, тамақтың асқазанды босатуын тездету, асқазан сөлінің бөлінуін төмендету көзделеді.

Қышқыл жетімсіздігіне байланысты қабыну асқазан сөліне қышқылдың мүлдем жойылуына дейін асқынған уақытта да (анацидттік гастрит) бөлек ем-дәм белгіленеді. Ол асқазанның жиырылуын, асқазан бездерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етуді көздейді.

Қышқыл жетімсіздігіне арналған дастарқан мәзірі

• Пісірілгеніне 1 күн өткен, 1-2 сұрыпты (сортты) ұннан әзірленген нан немесе кепкен қалаш (булочка), құрғақ тоқаш (печенье);

• Майсыз еттен пісірілген салма немесе ұнтақтап езілген картоп, асқабақ, сәбіз, түрлі-түсті қырыққабат (цветная капуста) қосылған балық сорпасы;

• Сиырдың, бұзаудың, тауықтың, күрке тауықтың етінен әзірленген котлеттер. Бұзаудың, балапанның, күрке тауық балапанының кесек күйде пісірілген еті;

• Арасына піскен ет салынған немесе жай құймақ (блинчик);

• Айран, қатық не тағамға қосылған күйіндегі жас сүзбе;

• Суға басылған немесе сүт қосқан әртүрлі ботқалар (арпаның, жүгерінің, тарының ботқасынан басқа);

• Лимон қосылған шай, сүт қосқан кофе, какао (сүт қатпаса да болады);

• Көкөніс және жеміс шырыны, шиповниктің су қосылған тұнбасы (жүзім шырыны мен квас ішуге болмайды);

• Жентектелген жеміс, компот, кисель;

• Жас қызанақ салаты, жуасыз пісірілген көкөніс.

Есіңізде болсын, асқазанның жедел қабынуында көкөніс пен түрлі шайнап желінетін асқа тиым салынады. Себебі асқазанның қай сырқаты болмасын тамақтануға ерекше көңіл бөлуді қажет етеді.

Н. Үсенова