- Негізгі бет
- Денсаулық
- Әйелдер қандай жүрек...
Әйелдер қандай жүрек ауруларына жиі шалдығады?
Жүрек-қан тамырлар ауруларына әйелдерге қарағанда ер адамдар жиі шалдығады деген кең таралған пікір бар. Алайда, жүрек-қан тамырлар ауруларына шалдығатын әйелдер де аз емес. Әйелдерде кездесетін бұл ауру белгілерінің қандай айырмашылығы бар және оларды қалай алдын алу керек?
Ер адамдар мен әйелдер үшін жүрек-қан тамырлар ауруына шалдығу қаупінің себептері бірдей: дұрыс емес тамақтану, аз қозғалысты өмір сүру салты, тұқымқуалаушылық, темекі тарту, алкоголь көп ішу және уақытылы зерттеуден өтпеу. Бірақ ғалымдар ер адамдар ауруханаға атеросклероз, темекі тарту, алкоголизм және зат алмасудың бұзылуынан жиірек түссе, әйелдер үшін диабет, аритмия (жүрек соғуының ырғақсыздығы), аз қозғалысты өмір сүру салты және холестериннің жоғары деңгейі себеп болады екен.
Әйелдерде ерлерге қарағанда жүрек проблемасы кешірек пайда болады. Себебі әйелдер ағзасы көбірек эстроген бөледі: ол холестерин деңгейін реттеуге көмектеседі және қан тамырларды зақымданудан қорғайды. Алайда етеккір үзілісінен кейін бұл гормон деңгейі түсе бастайды, сондықтан жүрек аурулары дамуының қаупі жоғарылай түседі.
Әйелдерде жүрек-қан тамырлар ауруының белгілері басқаша болып келеді. 70% әйелде инфарк еш белгісіз басталады: кеуде тұсының қатты ауыруының орнына іштің үстінгі бөлігінде, арқада, мойында жағымсыз сезім пайда болады. Кейде оның белгілері инфарктқа қарағанда қыжылға ұқсап келеді.
Бұл нақты диагноз қоюға кедергі жасайды. Алайда, кей ауруханаларда стандартты зерттеуден бөлек тропонин I-ге қосымша қан анализін алады: ол жүрек бұлшықеті қаншалықты зақымдалғанын көрсетеді.
Әйелдерде жиі кездесетін жүрек аурулары:
- "Жараланған жүрек синдромы". Бұл ауру қатты күйзеліс себебінен пайда болады. Күйзеліс ақуыздар деңгейін көтеріп жібереді: ол ісікке әкеледі және жүрек ырғағын бұзады. Оның белгісі жүрек ұстамасына ұқсайды: кеуде тұсы ауырады және тыныс алу қиындай түседі. Бірақ мұндай ауруға, әдетте, темекі тартатын, алкоголь ішетін, артық салмағы бар және оның үстіне қандай да бір ауыр жағдайға тап болған (мысалы, сүйіктісін жоғалту) әйелдер шалдығады.
- Миокардтың (жүрек бұлшықеті) қайталамалы инфаркті. Инфарктті басынан өткізген әйелдер депрессияға бейім болып келеді. Ал жүйке жүйесінің бұзылуы қайталамалы инфаркт болу қаупін 53%-ға арттырады.
- Инсульт. Әйелдерде инсульт ер адамдарға қарағанда жиі болады. Ол әйелдер қан тамырларының әлсіздігінен деген пікір бар. Бірақ ол әлі дәлелденбеген.
Жүрек-қан тамырлар ауруларының даму қаупін қалай азайтуға болады?
- Уақытылы дәрігерге қаралыңыз. Әйелдер, әсіресе, етеккір тоқтағаннан кейін жыл сайын тексерістен өту керек;
- Күніне аз дегенде жарты сағат уақытты физикалық күшке жұмсаңыз;
- Дұрыс тамақтаныңыз: рационыңызда фолий қышқылы, С, Е, D дәрумендері, кальций, магний және калий болуы керек.
- Тұз мөлшерін азайтыңыз.
- Зиянды әдеттерден бас тартыңыз;
- Ұйқыны қандырыңыз. Соңғы зерттеулер бойынша, әйелдерде ұйқының бұзылуы семіздікке және қант диабетіне әкеледі. Ал олар өз кезегінде жүрек ауруларының даму қаупін арттырады.