Тұтығу неден туындайды?

Тұтығу неден туындайды?
Фото: ernur.kz

Кекештік – жұрт арасында, әсіресе жаңа жетіліп келе жатқан жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Оған шалдыққандар сөйлеп тұрып әлде бір буынды немесе дыбысты айта алмай, сөзін аяғына жеткізе алмай тұтығып тұрып қалады. Сол буынды немесе дыбысты  әлденеше рет қайталап барып дұрыс жеткізе алады. Ал оның басты себебі неде? Емделу жолдары бар ма?

Зерттеуші мамандар сөйлеп тұрып кекештеніп қалуды, қиналып тұтығып қалуды мәселенің тек бергі жағы ғана деп біледі. Оның түп себебінде психологиялық және жүйке жүйесіне қатысты көптеген жағдайлар жатыр дейді.  Ал, медицина тұрғысынан алғанда тұтығудың себебі көп. Ғалымдар оларды негізінен 3 топқа жіктейді.

1. Тұқым қуалау арқылы берілетін кекештік. Егер ата-анасының бірі кекештеніп, тұтығып сөйлейтін болса немесе жақын туған-туыстарының бірінде сондай кемшілік болса, баланың бұл кеселге ұшырау мүмкіндігі жоғары болады. Кекештік сырқаты көбінесе әйелдерге қарағанда ерлердің арасында, ер балалардың арасында жиі ұшырасады.

2. Тұтығуға себеп болатын келесі жағдай – жүйке-жүйесіндегі ерекшелік. Таңдайдың, еріннің, тілдің, жұтқыншақтың бұлшық еттерінің жұмысында да кейде ақау кездеседі. Ал бұл аталған мүшелер адамның дыбыстауына, сөйлеуіне тікелей қатысады.

3. Психологиялық тұрғыдағы кемшіліктер. Ондай кемшілікке ұшыраған адамда өзге жұртпен сөйлесіп, қарым-қатынас жасаудан қорқу пайда болады. Жұртшылықтың алдына шығып сөйлеуден үрейленеді. Мұндай жандардың көпшілігі ұялшақ, жоқтан өзгеге әсерленгіш, ерік-жігері әлсіз болып келеді.

Кекеш адам сөйлей алмай тұтыққан кезде қатты толғанысты, қысылуды бастан кешеді. Адам әсіресе көпшіліктің алдына шығып сөйлегенде, өзі танымайтын адамдармен сөйлескенде кекештенеді. Мәселен, мектеп оқушылары тақтаға шығып, мұғалімнің сауалдарына жауап беріп тұрып тұтығып қалуы ықтимал. Мұндай жағдай жиі ұшырасады. Алайда, сол балалар үйде өзімен-өзі отырғанда, әлде жолдастарының арасында жүргенде ешқандай іркілмей, кекештенбей, бөгеліссіз сөйлейді. Яғни олар көбіне күйзелісті, қысылысты жағдайға түскенде кекештенеді.

Тұтығудан қалай құтылуға болады?

Бұл кесел бөбекке сөйлеуге енді-енді қалыптаса бастаған 6 жасқа дейінгі кезеңде жабысады. Кейде сәби біраз уақыт тұтығып сөйлеп жүргенмен, кейін одан айығып-сауығып кеткендей болдаы. Алайда, бұл алдамшы көрініс. Көбіне мұндай айығып кеткен кекештік жасөспірімдік кезеңге жеткенде қайта айналып соғады. Сондықтан кекештікті бөбек ер жетіп, есеймей тұрып емдеткен дұрыс. Жүйке жүйесі жетіліп, қалыптаспай тұрған кезде емделсе, тұтығудан да құтылу жеңілге соғады. Сонымен қатар кекештік кеселінің бала есейе келе айығып кетуі де жиі кездеседі.

Науқасқа қалай көмек бере аласыз?

Кекеш адамды тұтығудан құтқаруда оның араласатын ортасың ықпалы зор. Тұтықпасы бар адаммен сөйлескенде кісі өзін мейлінше байсалды, мамыражай қалыпта ұстауы тиіс. Сонда оның өзін еркін сезінуіне, қысылмай сөйлеуіне көмектесесіз. Сөзді мейлінше асықпай, баяу айтуға тырысыңыз. Егер әңгімелесіп отырған адамыңыз соған қарамастан тұтыға бастаса, оғаш ештеңе байқамағандай, өңіңізді, көзқарасыңызды өзгертпей, әңгімені әрі қарай жалғай беріңіз. Мұндайға оған қолдау білдіремін деп «айта бер», «сөйлей бер» деп басалқылық жасаудың еш қажеті жоқ. Ондай сөзіңізбен сіз оны одан әрі тығырыққа тірейсіз.

Емделудің жолдары

Кекештікті емдеуді ең әуелі дұрыс тыныс алудан бастау қажет. Дұрыс тыныс алу жаттығуларын күнделікті жасап, әдетке айналдырса, нәтижесін береді. Келесі нақты емдеу жолының бірі – логопедтен сабақ алу және логопедиялық массаж. Сабақтың кезінде науқас неғұрлым бабымен сөйлеуге, баяу сөйлеуге, өзінің айтуына қиындық келтіретін сөздерді, дыбыстар мен буындарды басқалармен ауыстыруға, яғни қиналыстан жалтарып кетуге машықтанады. Яғни кекеш адам өзінің сөзін өзі бақылауда ұстауға үйренеді. Ал, массаж бұлшық еттердің жазылуына, тіл қызметінің еркін болуына көмектеседі.

Кекештікпен сырқаттанған адамға психолог, психотерапевт мамандарының да берер көмегі зор. Олар оның психологиялық кемшіліктерден құтылуына көмектеседі. Бейтаныс адамдардың ортасында өзін еркін ұстауға қалыптастырады. Мұндай емдік шаралар науқаспен жекеше де, көпшілікпен бірге де, үйде де жүргізілуі мүмкін.

Кекештікті емдеуде дәрі-дәрмектік ем түрлері де кеңнен қолданылады. Науқасқа жүйкені тыныштандыратын дәрумендер, басқа шипалық заттар, препараттар беріледі. Олар мидағы қан айналымын жақсартып, жүйке жүйесінің қызметін ретке келтіреді. Сонымен қатар шипажайлық ем-дом түрлері де өте пайдалы.

Н. Үсенова