"Денсаулық мемлекеттік бағдарламасы": Цифрландыру рөлі қандай?

"Денсаулық мемлекеттік бағдарламасы": Цифрландыру рөлі қандай?
Фото: freepik.com / @tirachardz

Елбасы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Жолдауында: "Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт" жалпы халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуі яғни халық санының өсуі медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныстың көлемі одан әрі артады деген еді. Осыған орай елімізде медицина саласын цифрландыру жұмыстары сәтті жүргізілуде.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" бағдарламасында да цифрлы технологияның рөлі зор. Аталмыш бағдарламада ақпараттық технологиямен қамтамасыз ету міндеті былайша сипатталады: "Саладағы өндірістік үдерістерді ақпараттандырудың дәстүрлі тәсілдерімен қатар пациент денсаулығының жай-күйін ұтқыр компьютерлер және құрылғылардың көмегімен алыстан автоматтандырылған мониторингтеу; күрделі ауруларды интеграциялы бақылау бойынша виртуалды медициналық командарлар құру және дамыту (мәселен, ағза трансплантаттауы бар пациенттерді он-лайн мониторингтеу және бақылау) секілді инновациялық АКТ енгізуді қолдау жүзеге асырылатын болады".

Цифрлы технология әлем бойынша медицина саласын дамытудың басты құралына айналды. Олар қызмет сапасының артуымен қатар, емделушінің де, дәрігердің де жұмысын екі есе жеңілдететінімен тиімді. Сол себепті "Денсаулық" бағдарламасы да бұл бағытты күшейтуді қолға алып отыр. 

Global Market Insights бүкіләлемдік статистикалық көрсеткіш бойынша жаһандық цифрлы медицина нарығының көлемі 2016 жылы 51,3 млрд долларды құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 504,4 млрд долларға дейін жетеді деп болжалған. 

Қысқа мерзімді уақыт ішінде цифрлы медицинаны дамытудың негізгі бағыттары ретінде мына шаралар қарастырылған:

• Электронды медициналық картаны еңгізу;
• Телемедицина;
• Емделушінің жағдайын бақылау және медициналық қызмет көрсетуде түрлі IT бағдарламаларын қолдану. 

Цифрлы медицинаның басты жағымды тұстары:

• Қаржы-экономикалық жағдай бойынша, қызмет көрсету саласын ұйымдастырудың жаңғыруы және дәрігер мен емделуші арасындағы бетпе-бет байланыстың қысқаруы шығынның азаюына алып келеді. 
•  Әлеуметтік тұрғыдан, сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі артады.
• Кәсіби тұрғыдан, клиникалық зерттеу тиімділігі артып, дәрігер қателері азаяды. Тұрғындардың дәрігерлерге деген сенімі артып, жемқорлыққа жол берілмейді. 

E-Heath (электронды денсаулық)
Емделушінің сырттай бақылау және электронды денсаулық төлқұжаты қолжетімді интернетті керек етеді. 2017 жылғы мәлімет бойынша, қалалар мен аудан орталықтарындағы медициналық орталықтар түгелдей интернетпен қамтамасыз етілген. Ал, ауылдық аймақтардағы медициналық бөлімдердің тек 15%-і ғана интернетпен қамтулы. 

Қазақтанда жобалардың негізгі бөлімі ретінде екі ақпараттық платформа жұмыс істейді
Біріншісі, денсаулық саласында біріккен ұлттық ақпараттық жүйе (ЕНСЗ). Ол тұрғынға медициналық ұйымды өз еркімен таңдауға мүмкіндік береді. Медициналық қызметтің ашықтығы мен бәсекеге қабілеттігін арттырады. Бұл ақпараттық жүйе стационар мен емхана арасындағы көпір болады.

Екіншісі, E-Health атты республикалық денсаулық сақтау саласын дамыту орталығының арнайы сайты. Бұл сайттан жалпы елде іске асып жатқан бағдарлама бойынша және дәрігерлерді арнайы оқыту, олардың жиыны мен арнайы курстар туралы ақпаратқа қол жеткізуге болады.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов денсаулық саласын цифрландырудың берген алғашқы мүмкіндіктерін айтқан болатын.

"Цифрландыру денсаулық сақтау саласындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруда жетістікке жетуге мүмкіндік береді. Бүгінде сандық медицинаның арқасында құжатқа кететін қағаз шығынына жұмсалатын қаржыдан 315,4 млн теңге үнемделді. Флюрография, рентген, маммография секілді арнайы медициналық суреттерге керек материалдар шығыны 224,7 млн теңгеге қысқарды. Емханаларға келушілер саны 8%-ке, электронды қызмет көрсету түрі арқылы алдын-ала дәрігер қаралымына жазылу арқылы кезек 30%-ке қысқарды. Одан бөлек, электронды сервис арқылы лабораториялық зерттеу қорытындыларын алу уақыты 1,7 есе қысқарғанын байқауға болады" - дейді Біртанов.  

Министрдің айтуынша, бүгінде электронды денсаулық құжаты, дәрігер кеңесіне онлайн жазылу, дәрі рецептісін онлайн алу секілді жобалар іске асуда.  Министрліктің маңызды жобаларының бірі емделушінің электронды форматта жеке медициналық ақпаратын алу мүмкіндігі. Әлеуметтік eGov порталында жеке кабинеті бар адамдарға жаңа қызмет түрін пайдалануға болады. Сервисте жеке медициналық ақпараттар жиналған: қандай емханаға тіркелулі, учаскелік дәрігері, диспансерлік есеп пен осы уақытқа дейін жазылған дәрі рецепті. 

Ақпараттық технологиялармен қатар, мобильді қосымшалардың рөлі жоғары. Бүгінде, смартфоны бар адам үшін арнайы қосымша Dari.kz бар. Бұдан дәрілердің бағасы мен арнайы дәріханаларды білуге болады.

Цифрлы заманда халықтың басты қажеттігі денсаулық сақтау саласын назардан тыс қалдырмау өте маңызды. Сандық технологиялардың көмегімен, елдің жағдайын жасап, өмірін әлдеқайда жеңілдетуге мүмкіндік ашылады.

Т. Есқали