Кепілдендірілген тегін көмек пен медициналық сақтандыру пакеттерінің жаңа тізімі бекітілді

Кепілдендірілген тегін көмек пен медициналық сақтандыру пакеттерінің жаңа тізімі бекітілді
Фото: primeminister.kz, inbusiness.kz

Қазақстан үкіметі 2020 жылдан бастап енетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі  (МӘМС) мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізімін бекітті. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады.

Үкімет отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың МӘМС жүйесіне көшу бойынша тапсырмаларын орындау барысы, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі моделін енгізу және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша міндеттердің орындалу жайы талқыланды. Сондай-ақ, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің тізіміне өзгерістер енген жаңа тізім қаралды.

- Бәріміздің алдымызда медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша ортақ міндет қойылған. Әрбір азамат мемлекет тарапынан кепілдік ретінде қандай медициналық көмектің тегін көрсетілетінін нақты білуі тиіс. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы мәселесі бәріміз үшін аса маңызды, - деді Премьер-министр Асқар Мамин.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрі өңір әкімдеріне медициналық ұйымдарды компьютерлермен, үздіксіз интернетпен және ақпараттық жүйелермен жарақтандыру бойынша мәселелерді шешуді тапсырды. МӘМС жүйесіне баса назар аударуды тапсырды.

- Елбасының тапсырмасы бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (тегін медициналық көмек) жаңа үлгісі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (медициналық сақтандыру жүйесі) жүйесіндегі медициналық көмек пакеті әзірленді. Олар 2020 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енеді, - деді Елжан Біртанов Үкімет отырысында.

МӘМС мен ТМККК?

МӘМС - міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, ал ТМККК - тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі.

- Екі пакеттің айырмашылығы мынада: "ТМККК минималды әлеуметтік стандарт болып саналады, оған жедел және шұғыл көмек, медициналық-санитарлық алғашқы көмек, ауруды бақылау сынды қызметтер кіреді. Ал қалған медициналық көмектің барлығы МӘМС бойынша көрсетіледі. ТМККК жаңа тізімі жасағанда медициналық қызметтер егжей-тегжей, толық тексеруден өтті", - деді Денсаулық сақтау министрі.

Министрлік жаңа пакетті дайындауға бір жарым жылдай уақыт еңбектенген. Медицина қауымдастығымен бірлесе сатып алу, төлеу жайын, мониторингті бірлесе бекіткен. Ал түсіндіру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады. Жаңа пакеттер бойынша пилоттық қызмет көрсету күзде Қарағанды облысында басталады. Оған өңірдегі барлық медициналық ұйымдар тартылады.

Жалпы, ТМККК бойынша еліміздің барлық тұрғынына жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, жедел стационарлық көмек, паллиативті көмек қарастырылған.

Бұған қоса, әлеуметтік маңызы бар ауруларға, созылмалы дертке консультативтік-диагностика,  амбулаторлық жағдайда дәрі-дәрмекпен қамту, жоспарлы және стационарлық көмек, сонымен қатар, туберкулезге қарсы медициналық  реабилитация жасау кіреді.

МӘМС пакетінде консультативті-диагностикалық көмек, қымбат зертханалық қызметтер,  ТМККК-дан бөлек амбулаторлық жағдайдағы дәрі-дәрмекпен қамту, стационардың орнын басатын көмек, жоспарлы стационарлық көмек, медициналық  реабилитация және  қалпына келтіру бар.

ТМККК шеңберінде халыққа көрсетілетін медициналық қызметтер бюджет қаржысы есебінен, МӘМС пакетіне енетін қызметтер – Қордың активтері есебінен сатып алынады.  Қазіргі таңда Медициналық сақтандыру қорына Қазақстан бойынша 176,7 млрд теңге көлемінде жарна аударылды. Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.  

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бастап Қазақстан бойынша жүзеге асады. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көрсетілетін медициналық көмекке  келесі жылы мемлекеттік бюджеттен 1 620 млрд теңге бөлу қарастырылған. Халықтың 94,5 пайызы МӘМС жүйесімен қамтамасыз етілмек.  

Биыл медициналық сақтандыру қоры (МСҚ) кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген медицина ұйымдарымен 868 млрд теңгенің келісімшартын бекіткен. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 6 пайызға артық.   Мемлекеттік тапсырысты орындауға 1416 медицина ұйымы атсалысып жатыр. Оның ішінде 708 жеке меншік клиника да бар. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 64-ке артқан.   

Қазақстан Үкіметі медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында жұмыстарды жалғастыратын болады. Осы ретте, денсаулық сақтауды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде. Маңызды міндеттердің бірі — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тиімді енгізу мен жүзеге асыру.

Медициналық сақтандыру —  денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі. Медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады.

Медициналық сақтандыру көптеген елдерде халық үшін, сонымен бірге жұмыс берушілер үшін денсаулық сақтау жүйесінің тиімді модельдерінің бірі ретінде танылған.

О. Сансызбай