Теріскенді қалай емдеуге болады?

Теріскенді қалай емдеуге болады?
Фото: cleo.ru

Теріскен – қабақтың май безінің қабынуы. Көбіне тәннің ауруға қарсы күресу қабілеті төмендеген шақта шығады. Оны іріңдеткіш микробтар тудырады.

Алғашында қабақтың шеті ауырып ісінеді де, 2-3 күннен кейін әлгі жерден бөртпе пайда болады. Яғни теріскен шыққанда қабақтың терісі мен шырышты қабығы ісінеді.

Теріскен ішке және сыртқы болып жіктеледі. Теріскенді тудыратын бактериялар – стафилококктер. Ол әрбір адамның денесінде өмір сүреді. Көп жағдайда тыныш өмір сүргенімен, кейде белсенді болып, ірінді аурулар тууына себепші.

Қарапайым тілмен айтқанда теріскен арнайы гигиена ережелерін сақтанбағаннан шығады. Инфекция көзге кір сүлгі, бет орамал, қол арқылы түсуі мүмкін. Кейде ауыр сырқаттардан кейін ағзаның қорғаныс күші әлсіреуіне байланысты да пайда болады.

Теріскен енді пайда бола бастағанда, адамның дене қызуы көтеріледі. Бұл қалыпты жағдай. Жара біресе қышып, біресе ауырып сырқатты біраз сарсаңға салады. Мұндай халді өзіңіз де басыңыздан кешіріп көрген боларсыз...

Көзде бөртпе пайда болысымен дәрігерге көріну керек. Піскенде іріңді сығуға болмайды. Өйткені инфекция тарап, асқынып кетуі мүмкін. Әдетте дәрігер теріскенді емдеу үшін тамызатын, жағатын дәрі-дәрмектерді белгілеп, қыздыруды ұсынады.

Теріскен шыққан кезде тональді крем жағып немесе қарындашпен бояйтын болсаңыз, теріскеннің әбден пісіп, жазылуына кедергі жасайсыз.

Жылы компресс арқылы емделу үрдісін тездетуге болады. Ол үшін жұмсақ әрі таза матаны ыстық суға малып, оны 5-10 минут көзіңіздің сыртқы бөлігіне басыңыз. Ағаш қасықты да жылы күйінде көзіңізге бассаңыз, тезірек емделе аласыз.

Н. Үсенова