- Негізгі бет
- Денсаулық
- Омега май қышқылдарын...
Омега май қышқылдарын қай тағам түрінен алуға болады?
Омега түріне жататын май қышқылдары ағзаның бірқалыпты жұмысын жақсарту үшін керек екенін жақсы білеміз. Омеганың үш түрі бар: омега-3, омега-6 және омега-9. Әр май қышқылының өзіне тән ерекшелігі мен қызметтері бар.
Химия сабағынан:
"Омега деген не?"- деп сұрауыңыз әбден мүмкін. Май – май қышқылдарынан құралған химиялық зат. Барлық май қышқылы бір-бірен тізбектеле орналасқан көмірсу атомдарынан тұрады. Кейбіреуі бір байланыс түзеді де, қаныққан майға айналады. Ал, енді бірі қос байланыс түзу арқылы қанықпаған майлар қатарын толықтырады. Ағза үшін қанықпаған майдың пайдасы көбірек. Омега-3, омега-6 және омега-9 қанықпаған май түріне жатады.
Енді химиялық құрылымына назар аударайық: көмірсу тізбегінің басы - “альфа” деп аталса, соңы “омега” деген атауға ие. Омега-3 деген атау қос байланысты тізбектің омега бөлігіндегі реттік саны бойынша көмірсудың үшінші атомында орналасуымен байланысты. Омега-6, омега-9 атаулары да дәл солай.
Іш пыстырарлық теорияны аяқтасақ, енді денсаулығыңызды сақтауда септігін тигізетін тәжірибелерге көшейік.
Омега-3: қай тағамда кездеседі?
Мамандар ағзамыздың омега-3 май қышқылын өздігінен бөле алмайтындығын айтады. Сол себепті омега-3 май қышқылына бай тағамдарды күнделікті тамақтану режиміне қосуымыз керек. Омега-3 май қышқылының өзі 3-ке жіктеледі: альфа-линолен қышқылы (ALA), эйкозапентаен қышқылы (EPA), докозагексаен қышқылы (DHA).
EPA және DHA арқан, макрель, майшабақ секілді балық түрлерінде кездеседі. EPA қабынуға қарсы қабілетке ие: жүрек, онкологиялық дерттердің алдын алады. DHA – ми жұмысын жақсартатын пайдалы май қышқылы. Адамның ағзасы бірқалыпты жұмыс істеу үшін аптасына балық өнімдерін екі-үш рет тұтыну керек.
Омега-6
Омега-3 секілді бұл май түрін тек сырттан қабылданған өнімдер арқылы ағзаға бере аламыз. Омега-6 май қышқылы өсімдік майларында, соның ішінде, жүгері, жаңғақ және соя майларында көбірек кездеседі. Омега-6 қолданысын бірқалыпты деңгейде ұстау керек. Оның шектен тыс мөлшері қабынуға алып келеді. Деректер бойынша, адам күніне керек омега-3 мөлшеріне қарағанда 20-25 есе көп омега-6 май қышқылын қабылдайды.
Омега-9
Омега-3 және омега-6 май түрлерімен салыстарар болсақ, омега-9 қажеттілігі айтарлықтай зор емес. Оны аз мөлшерде қолдансаңыз да, ағза оның жетіспеушілігін сезбейді. Омега-9 май қышқылын күнбағыс, авокадо мен бадамнан алуға болады. Зәйтүн майында да омега май қышқылдары бар. Бірақ, басым көбі омега-9 болса, аз ғана бөлігін омега-3 құрайды.
Ағзамыз оны керек етпесе де, оның тигізетін пайдасы зор. Қаныққан майлардың орнына қолдану арқылы холестерин деңгейін түсіре отырып, диабет пен жүрек қан-тамырлары ауруының алдын алуға болады.