Адель синдромы немесе "ессіз ғашық болу"

Адель синдромы немесе "ессіз ғашық болу"
Фото: movieplayer.it

"Ессіз ғашық болу" сөзін психиатрлар жай метафора ретінде қабылдамайды. Себебі олар эротоманиямен ауыратын адамдармен жиі жолығады. Эротомания кезінде емделуші өзіне біреу ғашық екендігіне сенімді болады. Сенім еш негізсіз бола береді, себебі симпатия объекті емделушінің бары туралы білмеуі де мүмкін. Көбінесе, нысанға атақты немесе дәрежесі жоғары адамдар тап болады. Эротоманиямен ауыратын адам оның әр қозғалысынан өзіне жолданған құпия белгілер көреді.

Өткен ғасырдың басында атақты француз психиатры Гаэтан де Клерамбо алғаш рет эротоманияның клиникалық жағдайын суреттеп берді: егде әйел өзіне ағылшын каролі Георг V-ші ғашық екендігін айтқан. Оған қоса, 53 жасар әйел карольдің сезімі туралы барлық Англия білетіндігіне сенімді болған. Әйел монархты Букингем сарайының қасынан аңдып, ол күйме пердесін ашып-жапқан сайын махаббат жолдауы ретінде қабылдаған.

Адель синдромы

Атақты жазушының кіші қызы Адель Гюго әдемі әйел және дарынды пианиношы болған. Оған өз сезімін білдіріп жүрген жігіттер көп болса да, ол барлығына немқұрайлықпен қарап жүрді. Бір күні ол Альберт Пинсон атты жас жігітті көреді. Бір қарағанда ешкім танымайтын ағылшын офицерін көргенде Адель Гюго өз тағдырын кездестірдім деп ойлайды. Ол оның мінезі, әдеті туралы ештеңе білмесе де, таңдаған жігітіне барлық өмірін арнады: өз үйін тастады, Пинсонды ауыстырған қалалар мен елдерге көшіп барды, оны көрудің кез келген амалын іздеді. Адельдің ғашық болғаны соншалықты, Пинсонды Галифакске (Канада) қызмет етуге ауыстырғанда, Адель ата-анасына айтпай, оның артынан кете барды. Ал жолды төлеу үшін анасының бағалы заттарын ұрлап кеткен. Адель айналасындағыларға екеуінің некелескендерін айтып жүрген. Адель Альберттің жек көруі мен елемеуін байқамайтын. Адель өзін сол офицердің әйелі санайтын әлемде өмір сүрді, оның қарыздарын төлеп жүрді және "күйеуінің қылықтарын" көтеру керекпін деп санайтын. Офицер жергілікті соттың қызына үйленгісі келгенде Адель сотқа Альберттің әйелі екендігін жазып, хат жолдаған. 1866 жылы Пинсонды Батыс Үндістандағы Барбадос аралына ауыстырады, Адель де оның артынан барады. Адельдің аралдағы өмірі туралы ақпарат аз. Ол өзін "Пинсон ханым" деп айтуын сұрайтын болған. Оның психикалық жағдайы нашарлай берген. 1872 жылы Адельді Францияға алдыртады. Бұл қайғылы оқиға болды. Әкесінен басқа барлық отбасы мүшелері қайтыс болған. Сол кезде Адель толықтай ақылынан адасып, өмірінің соңғы жылдарын психиатриялық ауруханада өткізді. Адель 1915 жылы қайтыс болды. Адельдің жауапсыз махаббаты туралы оқиға халық арасында белгілі болып, әдеби ортада кең таралған "Адель синдромы" терминіне ие болды. Психиатрия саласындағы мамандар әйелдің ауруына уақытында мән берілгенде, оны емдеуге болатындығын айтады. Бұл қайғылы махаббаттың оқиғасы Франсуа Трюффоның "Адельдің оқиғасы" (История Адели Г.) атты фильмінде көрсетілген. Қазір "Адель синдромы" – эротоманияның бір түрі, жеке диагноз.

 

Эротомания несімен қауіпті?

Эротоманиямен ауыратын адамның әрекеттері  жазықсыз және романтикалық болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл ауру басқа психикалық аурулар секілді қауіпті болып келеді. Ауру адам өз ғашығын әрдайым аңдиды, жоспар құрады және жақындасудың жолдарын іздейді. Ол 100% өзара сүйіспеншілікке сенімді болғандықтан, оны ешқандай бас тарту тоқтатпайды. Тіпті, сіз полицияға арыз жазсаңыз да, сіз оны бірдеңе үшін жазалап жатыр деп қабылдайды. Егер нысан ұзаққа дейін жауап қайтармаса, үміт фазасы ызалану фазасына ауысады. Ауру қауіптірек шараларға кіріседі. Ол дұрыс ойлаудан қалады: ол оны ұрлап кетуі немесе оның серігін ұрып кетуі мүмкін. Кейде тіпті басқа адамдарға кесірі тиіп кетеді.

Эротомания жедел психотерапиялық емдеуді қажет етеді. Психиатрлар оны күйзеліс, жүйке жүйесінің бұзылуы, жабысу синдромы, шизофрения және психоз секілді аурулармен байланыстырады. Эротоманиямен ауыратын адам өзінің сенімі өтірік екендігін көре алмайтындықтан, оны емдеу қиынға түседі.

А. Жапатова