- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тік ішекті тазалау...
Тік ішекті тазалау
Тік ішекті тазалау процедураларын проктит, парапроктит, көтеу(тік ішектің қабынуы), аталық және аналық жыныс ағзаларының қабынуы, түймешік, ісік, қуық түбі безінің ұлғаюы (аденома), талшық тіліндегі өспелер (фиброма), миома (бұлшықет ісігі), эрозия, мерез, терең жара сияқты аурулар кезінде міндетті түрде жүргізу қажет. Назарларыңызға тік ішекті тазалаудың 5 күндік бағдарламасын ұсынамыз.
Бірінші күн
Шағын клизма жсаудың алдында тоқ ішекті табиғи жолмен босатып алуға тырысыңыз. Олай болмаған жағдайда келесі процедураны жасамастан 1 сағат бұрын 2 литр сумен клизма жасаңыз. Негізгі қадам: кешкі сағат 19:30 бен 20:00 аралығында қайнатпа дайындап қойыңыз. Ол үшін 1 шай қасық сүйелшөпке (чистотел) 200 мл су құйып, 2 минуттай қайнатасыз да, 20 минут бұқтырып қоясыз. Сағат 21:00 шамасында қайнатындыны сүзгіден өткізіп, 36°С жылылықта клизма түрінде ішке жіберіңіз. Ыңғайлы қалыпта жатып, сүйелшөп қайнатпасын тік ішекте ұзағырақ ұстауға тырысыңыз. Тек кешкі мезгілде ғана емес, басқа да өзіңізге ыңғайлы уақытта жасасаңыз болады, қайнату уақыты мен қолдану аралығындағы уақыт мерзімін сақтасаңыз болғаны.
Екінші күн
Кешкі сағат 8-де бөлме температурасындағы 200 мл қайнаған сумен шағын клизма жасап, ішектеріңізді босатыңыз. 1 сағаттан соң шырғанақ, зәйтүн немесе күнбағыс майымен тағы да клизма жасаңыз. Әрине, майды алдын ала зарарсыздандырып аласыз. Майды зарарсыздандыру үшін қайнаған сумен өңделген таза банкіге майды құясыз да, суық су құйылған кәстрөлге қоясыз. Содан соң кәстрөлдегі суды 40 минут қайнатасыз. Майды судан алып, суытыңыз. Май зарарсыздандырылды. Ал клизма жасайтын алмұрт тәрізді резеңкенің іші-сыртын алдын ала қайнаған сумен жуу керек немесе оны да суға салып 3-5 минут қайнатып алған дұрыс.
Үшінші күн
Кешкі сағат 7-де бір тіс сарымсақты ұсақтап турап, үстінен 200 мл қайнап тұқрған су құясыз. Су 36°С шамасында суыған соң сүзгі немесе дәке арқылы сүзу қажет. 20:00 де сарымсақ тұнбасымен клизма жасалады.
Төртінші күн
Бұл күні екінші күнде жасалған клизманы қайталайсыз.
Бесінші күн
Кешкі сағат 9 кезінде тау бальзамы ерітіндісімен шағын клизма жасалады. Ол үшін сіріңкенің басындай ғана тау бальзамын 200 мл жылы суға ерітеді. Ерітіндінің түсі тау бальзмының өзінің түсінен аздап ашықтау болуға тиіс.
Тік ішекті түрлі емдік шөптердің қайнатпасын ішу арқылы тазалауға да болады. Мысалы, мына емдік шөптердің жиынтығынан, яғни 30 гр түйежапырақ (лопух) тамыры, 10 гр қалақай (крапива), 30 гр жалбыз, 30 гр аюбадам, 30 гр бедеден (клевер) қайнатпа әзірлек керек. Алдымен түйежапырақ тамырын 1 литр суда қайнатады да, аз уақыттан соң қалақайды да салып, тағы да 8 минуттай қайнату қажет. Дайын болған қайнатындыны оттан алып, оған жалбыз, беде, аюбадамды салып қояды да, суыған соң сүзгіден өткізіп, тоңазытқышта сақтайды. Емдік қайнатпаны жарты стақаннан ас ішерден жарты сағат бұрын қабылдайды. Ол тек тік ішекті тазартып қана қоймайды, сонымен қатар ішек жұмысының жақсаруына да ықпал етеді, қан құрамын, бауыр мен бүйрікті де тазартады.
Ішектерді, соның ішінде тік ішекті жиі-жиі тазалап отырса, оның ағзадағы улы заттар мен қалдықтарды шығаруға үлкен септігі тиер еді. Бұл ағза мүшелерінің сапасын арттырып, тері реңін жақсартып, көптеген аурулардың алдын алады. Дегенмен, өз бетіңізше тік ішекті тазаламас бұрын дәрігер кеңесі алуды ұмытпаңыз.
Н. Үсенова