Ауыр жарақат кезінде қан кетуді тоқтататын көбік жасап шығарылады

Ауыр жарақат кезінде қан кетуді тоқтататын көбік жасап шығарылады
Фото: frontnews.eu

Пенсильвания университетінің медицина ғалымдары ауыр жарақат кезінде қан кетуді тоқтататын көбік жасап шығару үшін 1,4 миллион долларға АҚШ қорғаныс минстірлігімен 3 жылдық келісім шарт жасасты. Ерекше белсенді зат адамның өмірін жарақаттан кейінгі алғашқы минуттарда-ақ сақтай алады.

Бұл технологияға әскерилерден бөлек полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері де қызығушылық танытып отыр. Жаңа өнім жарақат бетін қақпақ сияқты жауып қойып, көп қан кетуінің алдын алады. Сонымен бірге қанға түрлі вирус жұғуының да алдын алады. Көбік жарақат біткесін адам денесінен оңай алынады. Немесе ол адам денесінде қантқа айналып кетеді. Бұл туралы Пенсильвания университетінің профессоры Джеффри Качмарк: "Ағзаның табиғи ферменттері көбікті қантқа айналдырады, содан кейін ол денеге енеді", – дейді. 

Кей жағдайларда ауыр жарақаттанған адамды жедел жәрдем дәрігерлері емханаға жеткізіп үлгере алмай қалады. Жарақаттанушы көп қан кету салдарынан жолда қайтыс болып жататын оқиғалар аз емес. Ал медициналық көбік арқылы жарақаттанушыны емханаға жеткізіп, егер ота қажет болса көбікті қыздырып қайтадан адам денесінен ажыратып алуға болады. 

Бір жыл бұрын осыған ұқсас медициналық затты австралиялық ғалымдар тобы да жасап шығарған. Олар отадан соң жарақатты тігу орнына арнайы жасап шығарылған желім-герметикпен жабуды ұсынған.

Т. Раушанұлы