Үйдегі улы қоспалары бар заттар

Үйдегі улы қоспалары бар заттар
Фото: valley-door.com

Әдетте жиі қолданатын заттарымыздың құрамына мән беріп қарамаймыз. Тіпті арнайы маман болмаса, химиялық элементтерден көз тұнатын зат құрамын түсіну қиын. Үйде жейтін тағамдарымыздан бөлек тұтынатын бұйымдар құрамында да өте улы заттар кездеседі. Назарларыңызға құрамында өте улы қоспалар бар үйде қолданатын заттарды ұсынамыз.

1. Хош иісті сергіткіш (освежитель) 
Мұндай арнайы сергіткішті әдетте бөлмедегі жағымсыз иістен арылу үшін пайдаланамыз. Оларды ауа айналымы нашар – жуыну бөлмесі мен әжетханаларда қолданады. Бұл дұрыс емес дейді мамандар. Себебі сергіткіштер құрамында хош иісті ұзақ сақтайтын химиялық қоспа фталаттар бар.

Бүркегішті жабық бөлмелерде пайдаланған кезде улы заттар теріге сіңеді. Фталаттар ағзадағы гормондарға әсер етеді. Мысалы ерлерде тестостеронның төмендеуіне әкеліп соғады және репродуктивтік жүйенің қалыпты жүйесін бұзады. Мұның соңы белсіздікке алып келуі мүмкін. Сергіткішті сатып алудан гөрі оны қолдан дайындаған тиімді. Ол үшін эфир майы мен аздаған спирт болса жеткілікті.

2. ДСП-ден жасалған жиһаз 
Сапасыз материалдан жасалатын арзан жиһаз құрамында адам өмірі үшін өте қауіпті канцерегон – екінші кластағы аса қауіпті түссіз газ формальдегид болады. Ол адамның тыныс алу жолдарына, көзге және теріге аса зиян. Адамның жүйке жүйесін де зақымдайды. Егер оның мөлшері ауадағы зиянды заттардың қауіпсіз мөлшерінен бірнеше есеге асып кетсе, барлық тірі жанды құртып жіберуі ғажап емес дейді мамандар. Формальдегид негізінен көлік газдарынан тарайды. 

3. Касса чектері 
Әрбір сатып алған затымыздан соң дүкендерде берілетін чек тұтынушыларға таңсық емес. Чек қағазын термоқағаз деп атайды. Мұндай қағаз автоматты таразыларда, электронды кассаларда, факс машиналарында, банкоматтарда, төлем терминалдарында және медициналық жабдықтарда қолданылады. Оның құрамында бисфенол А (BPA) химиялық қоспасы бар. 

BPA in Receipts А – эндокриндік жүйеге, қалқанша безіне және репродуктивтік жүйеге әсер ететін химиялық зат. Ол терімен байланыс арқылы ағзаға сіңеді. 

Бүгінде көптеген дамыған елдер  бұл қоспаны тиым салынған химиялық элементке жатқызады. Оны пайдалануды минималды деңгейге жеткізуге тырысып жатқанымен, әлі де пластик бөтелке мен ыдыстар құрамында бисфенол А кездеседі. 

4. Батареялар 
Қажетімізге жарайтын батерея мен аккумуляторды дұрыс пайдалану денсаулыққа зиян емес. Бірақ ұзақ уақыт пайдалану кезінде олардың құрамындағы қорғасын мен кадмий бүйрек, бауыр, жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Кадмий организмде қатерлі ісік ауруларын және әр түрлі қатерлі сонымен бірге қатерсіз ісіктерді туғызушы химиялық қосылыстар қатарына жатады.

Пайдаланып болған батереяларды үйде сақтау денсаулық үшін қауіпті. Себебі коррозиядан сырт қабығы бүлінген батареялардағы зиянды элементтер ауамен араласып, денсаулығызға елеулі түрде зиян келтіруі мүмкін.


5. Пластик ыдыстар 
Пластик ыдыстар құрамында фталаттар мен бисфенол А болады. Қауіпті қоспалар ыдыстағы тағаммен ағзамызға сіңеді. Өндірушілер адам денсаулығына зиянсыз пластик ыдыстарды жасап шығаруға тырысып жатыр. Бірақ мұның шешімі әлі табылған жоқ.

Америкалық педиатрия академиясы 03, 06 және 07 нөмірлі пластик ыдыстарды қолданбауды ұсынады. Тағам сақтауға қауіпсіз ыдыстар ретінде металл мен шыныдан жасалған ыдыстарды қолданған тиімді.

Өкініштісі, біз өте көп қауіпті химиялық элементтер арасында өмір сүріп жатырмыз. Олардың әсері бүгін байқалмаса да болашақта денсаулығыңызға кері әсерін сезе бастайсыз.

Т. Раушанұлы