Компьютермен жұмыс кезіндегі көзге пайдалы жаттығулар

Компьютермен жұмыс кезіндегі көзге пайдалы жаттығулар
Фото: dropshipping.de

Статистика бойынша кеңсе жұмысшылары мен студенттер көз шаршауынан көп зардап шегеді екен. Көз нұрын сақтау үшін емдік шараларды да ұмытпау керек. Мамандар компьютерде көп жұмыс істейтіндерге көз нұрын қалай сақтау керек екендігі жөнінде мынадай кеңестер ұсынады.

1. Мониторды дұрыс орналастыру

Эксперттердің айтуынша ең алдымен мониторды көзге қолайлы етіп орналастырып алу өте маңызды. Монитор мен көз арасындағы арақашықтық 40 сантиметрден жақын болмауы керек.
Одан өзге экран жарығын өзіңізге қолайлы етіп реттеп алыңыз. Қолайлы шрифт пен майда емес жазулар көзді шаршатпайды. Мұны да естен шығармаған жөн.

2. Бөлмедегі жарық

Компьютерде ұзақ уақыт жұмыс істегенде бөлмені жылы күйде жарықтандырыңыз, монитор шам жарығынан түсетін сәулемен шағылыспайтындай болсын.

 3. Назарыңызды басқа жаққа аудару

Адам компьютерде ұзақ уақыт отырғанда оның назары белгілі бір нүктеге бағытталады. Бұл дәл сол уақытта байқалмағанымен уақыт өте көзіңізді шаршатады. Жұмыс уақытында жиі-жиі басыңызды бұрып айналаға қарауға тырысыңыз. Тым болмаса 1-2 секунд терезеге қарап қойыңыз.

4. Көз жаттығуы

Әр 1,5-2 сағат сайын кемінде 5 минутқа үзіліс жасаңыз. Бұл уақытта көз жаттығуын жасау артықтық етпейді: басыңызды қозғалтпай көзіңізді оңға, солға, жоғарыға, төменге бұрыңыз. Содан соң көзіңізбен шексіздік белгісін сызып шығыңыз. Бұл жаттығуларды көзіңізді жұмып орындасаңыз да болады. Мамандар жаттығуды жұмысты бастамас бұрын, содан кейін әр екі сағатта орындап тұруға кеңес береді.

5. Бір уақыт серуендеп қайтуды да ұмытпаңыз

Жұмыс, жұмыс деп денсаулығыңызға мән бермеудің соңы көбіне келеңсіздікке апарады. Жұмыс уақытында орныңыздан тұрып біраз жүріңіз. Мүмкіндік болса сыртқа шығып, таза ауа жұтып қайтыңыз. Серуендеу көзге ғана пайдалы емес, үнемі бір орында отырып жұмыс істейтіндерде туындайтын омыртқа аурулары мен артық салмақтың да алдын алады.

  6. Көзілдірік пен дәрумендер

Көздің қызаруына қарсы көз бетіндегі жұқа қабатты суландыруға көмектесетін кез келген сұйық тамшы пайдалы. Егер көзіңіз қатты шаршап, құрғаса, шаншу сезсеңіз дәрігерге қаралғаныңыз жөн. Ол сізге арнайы дәрумендер мен көзіңізді шаршатпауға көмектесетін көзілдірік алуға керекті кеңестер бере алады.

  7. Компьютер ойындарын көп ойнамау

Жұмысты ұмытып, үзіліс жасап компьютер ойындарын ойнаймын деу дұрыс емес шешім. Себебі шаршаған көзіңізге ойындар дем бермейді.

Жоғарыдағы кеңестерімізді күнделікті әдетке айналдырсаңыз көзіңіз сізге ұзақ уақыт шаршамай қызмет етеді.

Т. Раушанұлы