Менингиттің алғашқы белгілері қандай?

Менингиттің алғашқы белгілері қандай?
Фото: morehealthy.ru, kp.kz

Қазақстанда менингит инфекциясымен ауырған 58 науқас тіркелді. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен ресми баспасөз отырысы кезінде айта кетті.

- Жыл басынан бері елімізде менингикокк инфекциясын жұқтырған 58 науқас тіркелген. Олардың 18-і 14 жасқа дейінгі балалар. 12 адам көз жұмған. Соның ішінде бесеуі 14 жасқа дейінгі жеткіншектер, - деді министр.

Қазақстанда менингитке шалдығудың ең жоғары көрсетіші 2015 жылы тіркелген. 424 науқастан бұл дерттің белгілері анықталған.

- Жыл сайын ауруға шалдыққандардың саны өзгеріп тұрады. 2013 жылы 18 науқас көз жұмды, 2014 жылы - 15, 2015 жылы - 21, 2016 жылы - 7, 2017 жылы - 11, сондай-ақ биыл минингиттен 12 адамның өмірі қиылды. Жалпы, осы жағдай басталғанда, ең бірінші науқас 30 сәуірде тіркелді. Біз қажетті эпидемиологиялық және медициналық көмекті ұйымдастыру жұмыстарын барша өңірлер бойынша қамтыдық, - деді Елжан Біртанов.

Карантин жарияланбайды

- Біз менингококк инфекциясын жұқтырғандар мен қайтыс болғандардың санын жасырмаймыз. Қазір карантин жариялаудың қажеті жоқ. Қазақстандықтардан дәрігерлер айтқан кеңестерді тыңдауларын сұраймыз, - деді Біртанов.

Сондай-ақ менингитке қарсы вакциналау жұмыстарының неге жүргізілмейтінін түсіндірді. Министрдің айтуынша, вакциналау мәселесі 100 мың адамға шаққанда аурудың 10 оқиғасы тіркелген кезде көтеріледі екен.

Менингит қандай дерт?

Осы орайда халықты құлақтандыру мақсатында менингококк инфекциясы жайлы аз-кем ақпарат бере кеткенді жөн санап отырмыз. Бұл дерт туралы осыған дейін де жазғанбыз.

Менингококк инфекциясы – ауруды белгісіз тасымалдаушы, назофарингит (мұрын мен жұтқыншақтың қабынуы), менингит (ми қабықтарының қабынуы) және менингококк сепсисі секілді түрлі клиникалық белгілері бар бактериялар қоздыратын жіті жұқпалы ауру. Инфекция жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлегенде жұғады.

Алғашқы белгілері:

- бастың қатты ауруы;
- шөлдеу, құсу;
- температураның көтерілуі, қалтырау;
- бозару;
- тәбеттің төмендеуі;
- бөртпе;
- әлсіздік;
- арқа және аяқ қолдың ауыруы;

Аурудың алдын алу

- аурудың алғашқы белгілері (тамақтың қызаруы, әлсіздік, температураның көтерілуі, бас ауруы) пайда болған кезде дәрігерге көріну керек, оның айтқан нұсқаулығын орындау қажет;

- түрлі мәдени бұқаралық іс-шараларға қатысуды, жүзу бассейндеріне баруды, ойын алаңдарында ойнауды шектеу және жеке тазалықты сақтау;

- ғимараттарды жиі желдетіп, күн сайын ылғалды тазалау;

- созылмалы инфекция ошақтары ЛОР ағзаларын тазалау;

- тек қайнаған немесе бөтелкедегі суды ішу;

- мұздау, ашығу, ұйқы қанбау, күйзелу және т.б. аулақ болу;

Ауруды емдегеннен алдын алған жеңіл екендігін әрқашан есте ұстаған абзал!

Ө. Сансызбай