Күнжіттің пайдасы мен зияны

Күнжіттің пайдасы мен зияны
Фото: The Globe and Mail

Күнжіт — біржылдық өсімдік. Ол ерте кезден бері қолданысқа ие тұқымдардың бірі. Күнжіттің құрамында адам ағзасына пайдалы заттар өте көп. Алайда оны қолдану жолы әртүрлі, тағам ретінде де, емдік дәрі ретінде де пайдалануға болады. Әсіресе күнжіт майы көптеген ауруларды жазатын қасиетке ие.

Күнжіттің құнарлылығы (калориясы) өте жоғары. Негізінен барлық өсімдіктің тұқымында калория көп. Мәселен, күнбағыс пен зығырдың ұрықтары 50% майдан тұрады. Сол секілді күнжіт те 45-55% майдан тұрады. Оның 100 грамында 560-580 ккал бар. Күнжіттің құрамында көмірсулар мен аминқышқылдары, ақуыздар бар. Сонымен қатар А, В, С, Е дәрумендері мен кальций, фосфор, темір, калий, магний секілді минералды заттар да бар.

Күнжіттің пайдасы тек суға жібітіп жегенде ғана әсер етеді. Егер күнжітті қуырып, қандай да бір тағамға қосса, оның құнары жойылып, тек дәмдеуіш ретінде ғана пайдасын береді.

Күнжітте кальций өте көп. Сол себепті сүйектерді қатайтып, буындарды нығайтады. Сонымен қатар жүйке жүйесінің жұмысын жақсартып, ас қорытуды да қалпына келтіреді. Бұл дәннің атеросклерозды жазатын мүмкіндігі де бар. Себебі күнжіттің құрамындағы фитостериннің көмегімен ол атеросклероз ауруын емдейді.

Есіңізде болсын, күнжітті күн сайын жеуге болмайды. Себебі асқазанның шырышты қабығы сезімтал болғандықтан, оның жұмысы бұзылуына алып келеді. Әсіресе, ашқарынға жеген күнжіттің зияны өте көп.

Н. Үсенова