Медициналық сақтандыру қорына жиналған қаржы 9,6 миллиардқа жетті

Медициналық сақтандыру қорына жиналған қаржы 9,6 миллиардқа жетті
Фото: fms.kz, Nivel Seguros

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап медициналық сақтандыру қорына жарналар төлене бастады. Қазіргі таңда бұл қорға жиналған қаржы көлемі 9,6 миллиард теңгені құрап отыр.

Биылғы аударымдар мен жарналарды жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде жұмыс істейтін азаматтар төлеуде.

Қыркүйек айының басынан бері Қордың Ұлттық банктегі шотына 3 миллиард теңге түскен. Оның 80 пайызы жұмыс берушілердің өз қарамағындағы жұмыскерлері үшін жасаған аударымдары болса, қалған 20 пайызы жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс істейтін азаматтарға тиесілі.

Айта кетейік, қыркүйек айының басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев журналистермен кездесу өткізген болатын. Сол отырыс барысында медициналық сақтандыру мен қорға жиналып жатқан қаржы жайлы сұрақ та қойылған еді.

«Медициналық сақтандыру қорындағы қаржыны халық бизнесті дамытуға жұмсалады деп алаңдап отыр. Жалпы осы қаржының тағдыры қалай болмақ? – деген сауал қойылған-ды.

- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жиналған ақша ешқайда кетпейді. Біз медициналық сақтандыру деген мәселені біртіндеп қарастырамыз. Себебі, ол қажет. Жалпы біздің адамдар өз денсаулығын бағаламайды. Кеше мен Ұлттық ғылыми кардиоорталықтың басшысы Юрий Пямен сөйлестім. Ол маған «жүрекке ашық операция жасау батыста 40-50 мың доллар ал жүректі ауыстыру 500 мың доллар тұрады» дейді. Оны ауыстыру әр адамның қолынан келмейді ғой. Ол жақта ақша төлейді. Ал біздің жақта барлығы үкімет төлесін дейді. Ал егер медициналық сақтандыру қоры болатын болса, азаматтар өздерінің денсаулығына жауап береді. Яғни қорға ақшаның бір бөлігін азаматтың өзі, бір бөлігін жұмыс берушілер, бір бөлігін мемлекет төлейді. Үш бөліктен тұрады. Біздің қазіргі зейнетақы жүйеміздің өзі сондай, - деген-ді Елбасы.

Сондай-ақ Елбасы медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруді тапсырған болатын.

Жарна төлеу жағынан бұрынғыша Алматы және Астана қалалары, сондай-ақ Қарағанды және Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр.

Ө. Сансызбай