- Негізгі бет
- Денсаулық
- Елбасы медициналық сақтандыру...
Елбасы медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруді тапсырды
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кеше Парламент палаталарының бiрлескен отырысында елiмiзде енгiзiлiп жатқан Медициналық сақтандыру жүйесiнiң толық жетiлмегенiн айтты. Жобадағы кейбір шикіліктер мен кей факторлар әлі де түсініксіз екенін тілге тиек етті.
Мемлекет басшысы 3 миллионға жуық өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар санатына кiмдердiң жататынын анықтауды тапсырды. Жалпы бұл термин қандай мағына беретінін де сұрады.
- Бүкiл әлемде сақтандыру жүйесi жақсы дамыған. Бiздiң елде де сақтандыру саласын дамытып, сақтандыру қызметтерiнiң қолжетiмдiлiк деңгейiн арттыру қажет. Мен бұл жерде медициналық сақтандыру жайлы айта кеткiм келедi. Бұл прогрессивтi бағыт. Дегенмен, ЕЫДҰ ұйымына мүше елдердiң ішінде алтауы ғана сақтандыруды енгiзген. Ал Грузия сақтандырумен 5 жыл жұмыс iстеп, бұрынғы жүйесiне қайта оралған. Ал бiзде бұл «100 қадамда» жазылған. Бiз кейбiр жайттарды қарастыруымыз керек. Менiң бiлуiмше, қазiр жарналар түсiп жатыр. Дегенмен, бұл жүйенi қарастырсақ, бiратар сұрақ туындайды. Бiзде 2,7 млн адам өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар болып саналады. Мен халықты әлеуметтiк қорғау саласын басқарған барлық министрлерден «бұл не? әлемнiң қай жерiнде «өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар» деген сөз бар?» деп ылғи сұраймын. «Өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар» деген салық төлемеудiң тiкелей жолы. Мен Үкiметке өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар кiм екенiн анықтауды тапсырған болатынмын. Бiзде өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар қандай болу керек, айтыңыздаршы. Олар, яғни 3 млн-ға жуық азамат медициналық сақтандырумен қамтылмай қалайын деп тұр. Сонда бiз басқаларға бұрынғыша емделе бер, ал оларға төле деуiмiз керек. Көшсек көшейiк, бiрақ қателеспейiк. Мәселенi толық қарастырғаннан кейiн бiрлескен шешiм қабылдаймыз», - дедi Елбасы премьер-министр мен Денсаулық сақтау министрiне.
Бүгінде медициналық сақтандыру қорына 5 миллиардтан астам қаржы жиналған. Ал жаңа жүйеге көшу уақытынан кешеуілдейтін секілді. Бұл жайында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айта кетті.
- Жүйені енгізу мерзімін ауыстыру ұсынылды. Біз қордың жұмысын, жұмыс берушілерден жарна жинауды жалғастыра береміз. Бірақ медициналық қызмет үшін төлемдердің мерзімі ауысуы мүмкін. Біз қазір мұны қайта қарастырып жатырмыз”, – деді министр.
Осы уақытқа дейін жұмыс берушілерден жиналған қаражат Ұлттық банктің шотында сақталады. Ал бұл жүйедегі кей кемшін тұстар Жаңа жылға дейін өз шешімін тауып, бір жолға қойылады деген үміттеміз.
Айта кетейік, сақтандыру қорындағы қаражатпен медициналық қызмет көрсету жұмыстары 2018 жылдың 1 қаңтарынан басталуы керек еді. Яғни осы уақыттан бастап сақтандыру жүйесіне мемлекет пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қосылады. Мемлекет жеңілдігі бар 14 санаттағы тұлғалар үшін ғана жарна төлейді.
О. Сансызбай