- Негізгі бет
- Денсаулық
- Беттегі безеу: акне...
Беттегі безеу: акне дерті
Беттің тазалығын сақтау – қыздардың ойында жүретін мәселердің бірі. Бірақ, безеумен күрестің барлығы бірдей сәтті аяқтала бермейді. Бетке безеу көптеп шығуы медицинада «Акне» деп аталады.
Акне дегеніміз не?
Акне — түк фолликулы мен май бездерінің зақымдануы. Оның бірнеше түрі бар. Бірақ, біз бен сіз үшін таныс ұғым – «безеу».
Аурудың пайда болу себебі – гормондар. Иә, иә, талай ауруды қоздырған бұл гормондар бетіңіздің де таза болуына мүмкіндік бермейді.
Адам денесіндегі андроген мөлшері көп болуы әсерінен май бездері күштірек жұмыс істейді. Сол себептен, теріде қара тесіктер пайда болады. Май қалдықтары тері астында қалады да, бактерия әсерінен асқынып кетеді.
Акне кімдерде жиі кездеседі?
• Жасөспірімдерде жиі кездеседі. Өйткені, жыныстық жетілу барысында бала ағзасында гормонды өзгерістер орын алады;
• Акне ауруы тұқым қуалайды;
• Гормон жүйесі бұзылған адамдарда кездеседі;
• Теріге кері әсер ететін әрлеу құрылғыларында;
• Жиі күйзеліске ұшырайтын адамдарда.
Акне өздігінен кете ме?
Егер жасөспірім шақта пайда болса, акнеден айығу оңай. Өйткені, есейген сайын гормондар тынышталады.
Бірақ, бұл ауру ұзақ уақыт бойы серігіңіз болуы да ықтимал. Кейде алғашқы белгілері 40 жаста байқалуы да әбден мүмкін.
Безеуден құтқармайды, егер...
Сіз оны сығатын болсаңыз, ол сізді безеуден құтқармайды. Іштегі болып жатқан үрдіске тек зияныңызды тигізесіз. Сыққан безеудің орнында жара қалып қоюы мүмкін.
Екіншіден, диеталар. Дұрыс тамақтану терінің жағдайына әсер етері сөзсіз. Бірақ, арнайы түрде тәтті мен ащыдан бас тартудың қажеті жоқ.
Үшіншіден, бетке арналған скрабтар. Олар теріге жағымсыз әсер қалдырып, безеудің орнын сырып кетуі мүмкін.
Акне асқынып кетсе не істеу керек?
Дерматологке, яғни, тері емдейтін дәрігерге қаралыңыз. Ол сізге арнайы дәрілер жазып беріп, күтім жасау жолдарын түсіндіреді.
Т. Есқали