- Негізгі бет
- Денсаулық
- Брекет тағу мен...
Брекет тағу мен оны күтудің жолдары
Арықтаудың ең оңай жолы - брекет тағу
Әзіл
Әлбетте, әзіл. Дегенмен, арықтау үшін де брекет салдырып жүргендер бар-ау. Ал брекеттің ойлап табылғандағы негізгі қызметі - тісті түзеу.
Брекет тағу бір кездері сәнге айналып, сәнқой қыздар мен заманауи ұлдардың көбі брекетпен жүрді. Қазір оның қызығы қайта басылғанымен, брекеттің қажеттілігі төмендеген жоқ. Тісті түзеймін десеңіз, брекетке жүгіну - ең оңай жол.
Брекеттің бағасы оның түріне қарай бөлінеді. Ең қолжетімділері - металл брекеттер. Сапфирден жасалған мөлдір брекеттердің бағасы жоғары. Орта есеппен алғанда, "орташа" брекет салдыру үшін қалтаңызда 70 мыңдай ақша болуы керек.
Брекет таққан бірінші күні тісіңіз ауырып, мазаңыз қашады. Үрейленудің қажеті жоқ. Төзіміңіз темірдей болса, болғаны. Брекет адаптацияланып кеткенше, тізіңіз ауырып, сөйлей де алмай қалуыңыз ғажап емес. Бірақ, бұл "азап" көпке созылмайды. 3 күннен кейін бәрі зым-зия болып жоғалып кетеді де, брекет ешқандай кедергі келтірмейді.
Брекетті тағу бір бөлек болса, оны дұрыс таға білу мәселенің екінші ұшы. Ортодонтыңыз брекет тағудан кейінгі әрекетіңізді егжей-тегжейлі түсіндіруі тиіс. Дегенмен ол да сізді үнемі бақылай алмайтындықтан, күтімді өз қолыңызға алғаныңыз жөн.
Брекеттің қозғалып кетпей тұрғанын білу үшін айнаға жақындап барып, брекетті анықтап қараңыз, немесе саусағыңызбен байқап көруіңізге болады. Брекет қозғалып кеткен жағдайда, дереу дәрігерге қаралыңыз.
Брекеттің тазалығы да айрықша мәнге ие. Брекетті кәдімгі тіс щеткасымен тазалай беруге болады, дегенмен кішкене қосымша күш салуыңыз керек, бұрынғыға қарағанда, мұқияттылықпен тазалағаныңыз жөн. Брекетке арналған тіс щеткаларын кез келген дәріханадан сатып алып, пайдалансаңыз, нұр үстіне нұр. Кәдімгі тіс щеткасын да пайдалана беруіңізге болады. Осы жерде азғантай қулықпен бөлісейік: Кәдімгі тіс щеткасының екі жағын қалдырып, ортасын қиып тастасаңыз, нағыз брекетке арналған щетканың өзі болып шығады. Тамақ ішкеннен кейін, міндетті түрде, тісті 10 минуттай шаю керек. Тіс дұрыс шайылмаған жағдайда, брекеттің айналасына микробтар жиналып-жиналып, брекетті шешкен кезіңізде тіс өз ажарынан айырылуы әбден мүмкін. Брекетке арналған емдік-профилактикалық тіс пасталарын да дәріханалардан сатып алсаңыз болады. Көбіне дәрігерлер құрамында фторы бар тіс пасталарын ұсынып жатады. Құрамында фторы бар сұйықтықпен аузыңызды шайып тұру да оң нәтиже береді.
Брекетті таққан соң, кейбір тамақтардан бас тартуға тура келеді. "Сұлулық құрбандықты талап етеді" деген сөз бекер айтылған ба? Жақсы нәтижеге жетем десеңіз, мына тамақтарды аузыңызға алмағаныңыз жөн:
1. Қатты жемістер (алма)
2. Ұзақ шайналатын тамақтар (карамель, ирис)
3. Жүгері талшықтары
4. Тұзды қатты астар (попкорн, жаңғақ, сәбіз).
Сондай-ақ, тамақты тым салқын не тым ыстық күйінде ішпеу керек. Және шемішке шағуға, сағыз шайнауға тыйым салынады.
Жұмыста тамақтанған жағдайда, тіс щеткасы мен пастасын өзіңізбен бірге қалдырмай алып жүріңіз. Брекет туындатқан кез келген жағдайда дәрігердің көмегіне жүгінгеніңіз жөн. Қазақ "Бейнет түбі - зейнет" дейді, брекетке жақсы күтім жасасаңыз, қалған өміріңізде ол сізге әдемі күлкі сыйлап, өз қызметін жасамақ. Сөз соңында, брекетті ойдағыдай шешіп, тек қана күліп жүруіңізді тілейміз!
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: dent-art.com.ua, mail.ru
М. Оңғарова