Аптап ыстықтан қалай сақтанамыз?

Аптап ыстықтан қалай сақтанамыз?
Фото: facebook.com

Аптап ыстықта адамның дене температурасы 37,1ºС-ден жоғары немесе 38,8ºС болады. Бұл денсаулыққа қауіпті. Адамның жылулық шекті күйі ұзақ уақыт бойғы және қатты ысу кезінде пайда болады, нәтижесінде күн өтіп, жүрек жұмысы нашарлауы мүмкін. Адамның ысып кетуі мынадай белгілерден байқалады: терінің қызаруы, кілегей қабықшаларының құрғауы,  шөл. Адам есінен танып, тынысы тарылып, жүрегі тоқтауы мүмкін.

Құрғақшылыққа (аптап ыстыққа) қалай дайындалуға болады? Қосымша су құюға арналған ыдыстар алып, оларды суға толтырып қойыңыз. Аптап ыстыққа арналған киім, тұрмыстық электр құралдарын (желдеткіштер, кондиционерлер)  дайындап  қойыңыз. Егер сіз ауылдық жерде тұрсаңыз – онда бастырма, сәкі, құдық жасаңыз, терезеге қалың перделер іліңіз. Мүмкіндігінше, электртұрмыстық құралдарының жұмысын қамтамасыз ететін автономды электрэнергия көзін сатып алыңыз. Суды ысырапсыз пайдаланыңыз. Аптап ыстық кезінде өзіңіз шара қолдана біліңіз және отбасы мүшелеріне үйретіп қойыңыз.

Құрғақшылық кезінде не істеу керек? (аптап ыстықта). Жоғары температураның әсер етуінен сақтаныңыз. Ашық түсті ауа өткізетін киім (мақтадан жасалған), басыңызға міндетті түрде баскиім киіп жүру керек. Есіңізде болсын, күнге күйген теріден тер бөлінбейді және ол салқындатылмайды. Асықпай жүріңіз, негізінен көлеңкеде болуға тырысыңыз. Сыра не басқа алкогольді сусын түрлерін ішпеңіз, бұл ағзаның жалпы жағдайын нашарлатады. Аптап ыстық кезінде сізге қосымша тұз қолдану бойынша дәрігермен кеңесіңіз. Жылу әсер етсе, көлеңкеге немесе желге шығыңыз, душқа түсіп, асықпай көп мөлшерде су ішіңіз. Күн өтуден сақтану үшін денеңізді суытуға тырысыңыз. Егер қасыңыздағы адамдардың бірі есінен танып қалса, онда көмек көрсетіңіз (жүрегін уқалап, қолдан тыныс алу жасаңыз).

Егер сіз күн ыстықта жұмыс жасасаңыз. Кондиционер астында отыруға болмайды. Кеңсеге терлеп кірген бойда кондиционер астына барып отырсаңыз, кем дегенде мұрныңыз пысылдауы мүмкін, әйтпесе, радикулит пен пневмонияға шалдығасыз. Тіпті ең ыстық деген күннің өзінде кондиционерді 18 градустан төмен түсіруге болмайды. Ең тиімдісі – дала мен ғимарат ішіндегі температура айырмашылығының 10 градустай болғаны.

Көп жұмыс істеуге болмайды. Көп адамның демалысты жазда алатыны бекер емес. Өйткені ыстықта жұмыс жасау ыңғайсыз. Ауа температурасының 26 градустан әрі қарай әр градусқа жоғарылауы адамның жұмыс жасау қабілетін шамамен 10 пайызға төмендететіні дәлелденген.

Қоғамдық көліктерге мүмкіндігінше мінбеуге тырысу керек. Жабық кеңістікте оттегінің жетіспеушілігі байқалады. Нәтижесінде адам есінен танып, басы айналады, гипертониялық күйзеліс жағдайлары болуы мүмкін. Сондай-ақ ыстықта, қысқы суыққа қарағанда түрлі жұқпалы аурулар тез тарайды.

Егер Сіз автокөлік жүргізушісі болсаңыз. Жолға өзіңізбен бірге салқындатылған сусындар алып жүру керек. Дене ысып, өзіңізді нашар сезінсеңіз, онда көлеңкеге тоқтап, демалып алыңыз.

Автокөліктен шығып, далада жүре тұрыңыз, сол уақытта көлігіңіздің барлық терезелерін ашып қойыңыз. Өзіңізді жақсы сезінгеннен кейін ғана көлік айдауды жалғастырыңыз. Балаларды ешқашан жабық көлікте қалдырмаңыз.

Жолда қолайсыз жағдайларға тап болмайын десеңіз,  мынадай кеңестерді есте сақтаңыз: көлікте салқындатқыш немесе климат-бақылау болса, оны ағзаңызға суық тигізбейтіндей ысырапсыз пайдаланыңыз, саяжайға немесе қала сыртына демалуға шығыңыз, аптап ыстықта мойынға дымқыл орамал тағып алуға да болады, ысып кетсеңіз онда су алдына тоқтап, қолыңызды шынтағыңызға дейін салқын сумен жуыңыз, жеңілденесіз, көлікті көлеңкеге қойыңыз, қозғалтқыштың салқындауын қадағалаңыз, ең бастысы – таза радиатор; антифриздің температурасы термометр сызығының қызыл сызығынан аспауын үнемі қадағалаңыз.

«Нұр Отан» ХДП қолдауымен жазылған «Өмірлік 100 жағдай» кітабынан үзінді.

Ел.кз

М. Оңғарова