Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханада ашық есік күні өтті

Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханада ашық есік күні өтті
Фото: Марат Алиев

Алда келе жатқан Астана күніне орай бүгін Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханада ашық есік күні өтті. Іс-шара барысында аурухананың жетекші мамандары мен әртүрлі саладағы жоғары білікті дәрігерлер келген тұрғындарға тегін диагностикалық көмек көрсетіп, ақыл-кеңестерін берді.

Бүгінде ауруханаларда ашық есік күнін өткізу - халықтың денсаулығын нығайту мен түрлі қатерлі ауру түрлерінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылып келеді. Ал №4 қалалық клиникалық ауруханада мұндай шара жиі ұйымдастырылып тұрады екен. Бұл туралы аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Роза Торғайқызымен тілдескенде білдік.

- №4 қалалық клиникалық ауруханадағы маңызды іс-шаралардың бірі, бұл – ашық есік күні. Мұны біз жиі ұйымдастырып тұрамыз. Көбіне мерекелік шаралар мен денсаулық күндеріне орай ұйымдастырамыз. Ауруханадағы білікті мамандардың басын қосып, келген халықты емдеп, хал-жайын біліп, кеңес береді. Себебі біздің ауруханада жоғары санаттағы мамандар жетерлік. Еліміздің және шет елдің іргелі оқу орындарын бітірген дәрігерлер жұмыс жасайды. Бүгін ашық есік күні қарсаңында травмотолог-профессор, уролог-профессор, хирург-профессор, акушерлік пен гинекология кафедрасының мамандары, невропотолог, кардиолог, эндокринолог және аурухананың жоғары санатты дәрігерлері халыққа қызмет көрсетуде.

Ашық есік күнін өткізудің мақсаты – халыққа сапалы медициналық көмек ұсыну мен ұйымдастыру. Себебі кейбір жағдайда халықтың кейбір мамандар, әсіресе профессор, медицина ғылымдарының докторы немесе доценті, ауруханадағы жоғары санатты дәрігерлердің кеңесіне келуіне мүмкіндігі болмауы мүмкін. Керісінше, ол мамандар стационарда қызмет жасағандықтан жұмыстан қолы босамауы тағы бар. Ашық есік күні халықтың осындай мамандармен кездесіп, ақыл-кеңес, ем қабылдауына зор мүмкіндігі болады, - деді.

Ашық есік күні дәрігерлер келген тұрғындарға кеңес айтып қана қоймай, қандай да бір сырқаты барын анықтайды да. Одан кейін оған қандай да бір көмек ұйымдастыру жолын қарастырады. Мүмкін оған ота жасауы, болмаса емдік көмек қажет екенін айтатын болады. Қандай дәрілер немесе қандай заманауи аппараттар көмегімен емделуге болатынына жол сілтеп, көмек қолын созады.

Алдағы уақыттағы ел медицинасындағы басты жаңалықтардың бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қолға алынуы. Бұл туралы №4 қалалық клиникалық ауруханада да кеңестер жүргізіліп, ауқымды жоба жайлы түрлі іс-шаралар мен түсініктеме жазылған ақпараттық парақтар таратылып жатыр екен. Бұл туралы да Роза Торғайқызы айта кетті.

- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайлы кеңестерді ашық есік ғана емес, кез келген уақытта ұсына аламыз. Емделуге келген халықты жинап, кішігірім лекция түрінде түсіндіріп жүрміз. Ауруханадағы барлық жерге МӘМС жайлы түсініктеме парақтарын ілгенбіз. Одан бөлек біздің дәрігерлер емделуге келген науқастарға бұл туралы кеңес беруге, түсіндіруге дайын.

Дегенмен әр дәрігер бұл жайлы толық түсіндіре алады деп те айта алмаймыз. Қазір қалада түсіндіру тобы ұйымдастырылған. Біздің ауруханадан бес маман осы топқа кіріп, арнайы оқуынан өтті. Бізге де арнайы әдістемелік орталықтан келіп оқытты. Әлі де оқытып жатыр. Әр бөлім аттестаттаудан өткізілді. Апта сайын білім жетілдіруін күнін өткіземіз. Бүгінде сол күндегі басты тақырыптың бірі, осы – медициналық сақтандыру. Әлі бұл жоба толықтырылып жатыр, - деді маман.

Бүгін өткен ашық есік күнінде ауруханаға 60-қа жуық тұрғын келіп, кеңес алды.

О. Сансызбай