Қант диабеті жайлы не білеміз?

Қант диабеті жайлы не білеміз?
Фото: oncc.ru

Қазіргі кезде қант диабетімен науқастану көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Мұның себептері бар. Стресс, ұйқы безінің созылмалы суықтауы, дұрыс тамақтанбау, семіздік, артериал гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы қант диабетіне душар етеді. Аурудың белгілері –  ауыз құрғауы,  шөлдеу, кіші дәреттің жиілігі, салмақ тастау. Терінің инфекциялық аурулары (фурункул, карбонкул).

Қандағы қанттың, яғни глюкоза мөлшерінің үнемі жоғары болуы денедегі қан тамырларында атеросклероздық өзгерістерге, жүйке талшықтарының зақымдалуына себеп болады. Бұл, өз кезегінде ағзалардың жұмысының бұзылуына, ауыр жағдайда жұмысының мүлдем тоқтауына алып келеді. 

Қант диабетінің асқынулары шұғыл және созылмалы түрлерге бөлінеді. Ауру бір-екі, тәулікте немесе созылып, бірнеше жылда шығуы мүмкін. Ауру адамның қан тамырларында өзгеріс болады, тістері түседі, бауырын май басады. 

Аурудың және диабет асқынуларының алдын алу үшін мынадай қағидаларды білу керек:
1. Стресс жағдайлардан аулақ болуға тырысыңыз.
2. Жаман әдеттерден (темекі шегу, алкоголь ішуден) арылыңыз.
3. Дұрыс тамақтануды жолға қойыңыз.
4. Артық салмақтан және семіздік ауруынан арылыңыз.
5. Вирусты жұқпалы аурулардан сақтануға, ауру жұққан жағдайда дер кезінде емделуге тырысыңыз.
6. Созылмалы аурулардан – артериал гипертензия, жүрек ишемик аурулары, панкреатит, тағы басқалардан емделіп жүруге тырысыңыз.
7. Күнделікті 5-6 шақырым жаяу жүріңіз, таза ауада серуендеңіз, спортпен айланысыңыз.

Қант диабетін қалай емдейді, алдын алу үшін не жасау қажет? Оның барлық түрінде диетаға көңіл бөлу аса маңызды. Тәтті және майлы тағамды шегеру қажет. Тәтті тамақтар қанда глюкоза мөлшерін тез көтеріп жібереді. Аздап жеуге болатын тамақтарға нан, жұмыртқа, картоп, күріш, ұн өнімдерінен даярланған тамақтар, жаңа ет, шұжық, құс еті, балықтың майсыз түрлері дәнді дақылдар, тәттілігі жоқ көкөністер жатады. Бұл тамақ түрлері қандағы глюкозаны аз мөлшерде көтеруі мүмкін. Тамақтағы нәруыз (белок) және майлар қанда глюкозаның көтерілуіне әсер етпейді. Дегенмен, майларды көп қабылдау қан тамырларындағы атеросклероздық өзгерістерді тездетеді. Қант диабетінің ауыр түрлеріне шалдыққандарға ауыр жұмыс істеуге, спорттың ауыр түрлеріне қатысуға болмайды. Себебі, бұл жағдайлар қандағы глюкоза деңгейінің бірден төмендеп кетуіне соқтыруы мүмкін.

Инсулин қандағы қант мөлшерін төмендетіп қана қоймай, денеде болатын көптеген процестерге жағымды ықпал етеді. Сондықтан, инсулинмен емдеу қажет болған жағдайда одан бас тартпау керек.

Жүктілік кезінде анықталған қант диабетін бала туылып, емізуден шығарылғанша инсулинмен емдейді. Бұл кезеңде анаға қант мөлшерін төмендететін дәрі-дәрмекті қабылдауға болмайды. 

Қант диабетіне жеңіл қарамаңыздар. Ем қабылдамаған жағдайда, аурудың асқынуы жылдар бойы үдеп отырады.

kazigurt-tinisi.kz

@. @assel_assanova