Таңғы асыңыз дәмді болсын!

Таңғы асыңыз дәмді болсын!

"Ас - адамның арқауы" демекші, диетологтардың айтуынша таңғы ас бізге қажетті күш беріп, жаңа басталған күнге дайындайды. Сондай-ақ дұрыс тамақтану деніңізді сау және шымыр ұстаудың бірден-бір амалы.

Таңғы астың бірінші қызметі - ағзаны ояту. Сондықтан таңғы астан бас тартқандар күні бойы ұйқысы келіп, шаршап жүреді. Таңмен тәбетіңіз жоқ болса да, бір стақан кофенің орнына толыққанды тамақ ішіп үйренуіңіз керек. 

Мамандардың айтуынша, біздің күнделікті қабылдайтын калориямыздың басым бөлігі таңғы аста болуы керек. Кейбір диеталар мүлдем, түске дейін қалағаныңызды, тіпті шоколад тортын жеуге рұқсат береді. Адамға күніне 2000 калорий керектігін есепке алсақ, 5 рет тамақ ішетін адамның (жұмыстағы шайларды санасақ) әр отырысы 400 калориядан болады. Негізі сол шоколад тортының бір тілімінің өзі 400 калорияға шақ келеді. Әрине бұндай таңғы асқа тоймайсыз әрі пайдалы да емес.

Ендеше таңғы асқа не жесе болады?

Таңғы ас тойымды, көмірсуларға бай болуы керек. Дәнді дақылдар ас қорыту жүйесінің іске қосылуына көмектесуі керек. Ал таңертең тәбеті жоқ жандарға кешкі асын ертерек ішуіне кеңес береміз. Осылайша таңға дейін қарыныңыз ашып үлгереді.

Дәмді, пайдалы, тойымды таңғы ас түрлері:

Қол граноласы

Гранола - сұлы жарымасы, жаңғақтар, кептірілген жемістердің қосындысы. Бұндай таңғы асты дүкеннен алмай, өзіңіздің дайындағаныңыз дұрыс. Осылайша ішінде артық қант, түрлі қоспалар болмайтынына сенімді боласыз. Гранола өткен ғасырдың ортасында АҚШ-та патенттелген, қазірде "жұлдыздар таңғы асы" деген атқа ие болды.

Смузи

Ең тез дайындалатын таңғы астың түрі - смузи. Сізге бар керегі - блендер. Блендерге түрлі құрамдас бөліктерді салып, әбден араластырып аласыз.  Олардың құрамында мынандай заттар болуы керек:

  • сұйықтық (сүт, айран, йогурт);
  • жеміс-жидек;
  • дәнді дақылдар, мысалға сұлы жарымасы;
  • жаңғақтар мен кептірілген жеміс;

Ботқа

Дәстүрлі таңғы ас - ботқа. Бұндай таңғы астан шаршасаңыз, дәстүрлі ұнтақ, тары жарымасының орнына жүгері, арпаны қосып көріңіз. Ботқаға түрлі жеміс, тіпті көкөністерді қосса болады. Мысалы асқабақ қосылған ботқа толыққанды, дәмді таңғы ас бола алады. 

Фриттата

Пайдалы да тойымды бұл таңғы ас - итальяндық тағам. Бұл омлетке ұқсас жұмыртқадан жасалынатын ас 15 минутта әзір болады.  Айта кетсек, фриаттатага көкөністер де қосса болады. Бар болғаны көкөністерді қуырып, үстінен жұмыртқа құя саласыз. Пісіру пешінде соңына дейін пісіріледі. 

Сэндвич

Пайдалы, жасалуы өте оңай тіскебасар. Өзіңізбен бірге алып жүру да қиынға соқпайды. Жасалуы айтпаса да түсінікті.

Жақын арада осы таңғы астардың мәзірлерін біздің сайттан таба аласыз.

Таңғы асыңыз дәмді болсын!

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: lady.mail.ru

С. А