Сары күздің салқын күндерінен сақтаныңыз

Сары күздің салқын күндерінен сақтаныңыз

Көптен күткен күз де келіп жетті. Табиғат-Ана да сары шекпенін киіп жатыр. "Күз келді дегенше, мұң келді десейші" демекші, көңіл-күйіміз де көтеріңкі емес. Ең бастысы, күз ханшайымы өз патшалығын құра салысымен, денсаулығымыз сыр беріп жатады. Мұның сыры неде?

Күннің салқындауы, дымқылдылық, өткір жел – жаздың ыстық күндеріне әбден үйренген ағзамызға кері әсерін тигізеді, сондықтан жиі тұмауратып қалып жатамыз. Басқа мезгілдерге қарағанда, күз кезінде денсаулығыңызды күтіп, иммунитетіңізді нығайтып отырғаныңыз абзал. Мұның ешқандай қиындығы да жоқ: бар болғаны күнделікті тағам мөлшеріңізге құнарлы азық-түліктер мен сусындарды енгізсеңіз, жетіп жатыр.

Ол тағы қандай тағамдар деп асып-сасып, әбігерге түсудің қажеті жоқ. Күзде ағзаңыз аса қажет ететін тағамдар мен сусындар тізімін назарларыңызға ұсынбақпыз.

•Жаңа сығылған жеміс, әсіресе көкөніс шырындарының иммунитетті көтеруге толық шамасы жетеді. Олардың қатарына: қызанақ, қияр, қызылша, сәбіз, балдыркөк және ақжелкен шырындарын жатқызамыз.

•Пайдалы шөптердің қосындысынан жасалған дәруменді шәй. Сізге пайдасын тигізетін жалбыз, жаужапырақ, түймедақ, шайқуарай сынды шөптерді дәріханадан сатып алсаңыз, әбден болады. Алайда, өзіңіз жинаған немесе әжелеріңіздің сақтаған шөптері әлдеқайда пайдалы болмақ.

• Шәйге қосып ішетін тәтті кәмпиттердің орнына кептірілген жемістер сатып алыңыз.

•Алғашқы бір ай ішінде күн сайын 5-6 дана грек жаңғағын жеп тұрыңыз.

•Сондай-ақ, бір ай бойы адамшөптің (женьшень) спиртті тұнбасын (таңертең және кешке тамақтан жарты сағат бұрын 15-20 тамшысын сумен ішіңіз) қабылдаған да таптырмас ем-дом бола алады. Адамшөп  - ежелден келе жатқан дәрілік өсімдік, оны қолға түсіру де оңай шару емес.

Иммунитетті қалпына келтіруші тосап: тазаланған бір стақан грек жаңғағын, жарты келі мүкжидек (уқалап жұмсартып алу керек) және екі дана үлкен көк алманы (қабығын ашпастан төртбұрыштап турап) алыңыз да, жақсылап араластырып, жарты стақан су және жарты келі қант қосыңыз. Дайын болған қоспаны жайлап қана жанған отқа қайнағанша қойыңыз. Тосапты таңертең және кешке бір ас қасықтан шәймен ішіп отырыңыз. Тосапты міндетті түрде тоңазытқышта сақтау қажет.

Иммунитетті нығайтуға арналған ванна

Ең алдымен қарақат, итмұрын, бүрген, таңқурай, ит бүлдіргеннің жемісін немесе бұтасын алып, бір ыдысқа салыңыз, үстіне қайнап тұрған су құйыңыз да, 5-10 минут бұқтырып қойыңыз. Қайнатпаны елегіштен өткізіп, ваннадағы жылы суға  қосып, оның үстіне 4-5 тамшы балқарағайдың немесе майқарағайдың эфирлі майын тамызыңыз. Дайын болған ваннада 10-15 минуттан артық жатуға болмайды.

Күздің алғашқы айларында біз ұсынған кеңестерді пайдаңызға асырыңыз да, сары күздің салқын күндерінен ләззат алыңыз!

Суреттер:ito.lovebody.ru,valentaines.artphoto.pro

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева