Жүрек неден айниды? Бұл сұраққа жауап іздеудің жолдары көп. Бірақ, неден айнығанын табу қиындау. Әдетте жүрек майлы тағамдардан, уланғаннан, алкогольді ішімдіктерді көп ішкеннен, күйзелістен айниды. Сондай-ақ, әйелдердің жүктілік кезінде де жүрек айнуы қалыпты жағдай саналады.
Жүректі айнытатын жағдайлар көп. Соның ішінде сіз біле бермейтін, болмаса сирек кездесетін түрлері туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз.
Мультидәрумендер. Бұлар жайдан-жай жүректі айнытпайды. Егер қалай ішу ережесін білмесеңіз, онда жүрегіңіз айнуы мүмкін. Ол үшін мультидәрумендерді аш қарынға ішуге болмайтынын есте ұстағаныңыз абзал. Тамақтанып болған соң ғана ішу керек.
Кофеден бас тарту. Күнде кофе ішіп жүріп, бірден ішуді тоқтатсаңыз, онда жүрегіңіз айнуы мүмкін. Ол үшін кофені аздап ішіп жүріп тоқтату керек.
Терлеу. Арықтау үшін, немесе ауру-сырқау үшін кейде терлеуге кеңес береміз. Бірақ, адам терлегенде жүрегі айнуы мүмкін. Ондай сәтте бір жұтым су ішкен дұрыс.
Экстремалды спорт түрлерімен шұғылданғанда да жүрек айнуы мүмкін. Сондай-ақ, жүрек айну төмендегідей бірнеше түрге ажыратылады:
уыттық – әртүрлі улармен, тағам өнімдерімен, сондай-ақ эндогенді уыттармен уланудан туындайды;
милық – оның негізінде бас миының аурулары жатады. Іс жүзінде әрқашан артериялық және бас сүйекішілік қысыммен байланысты болады. Мұндай жағдайда себебі ми ісіктерінен, атеросклероздан, диэнцефалдық дағдарыстан, гипертониядан болады;
метаболикалық – шамадан тыс тамақтанудан, аштықтан, диабеттен, гиповимаминоздан, заттар алмасуының бұзылуынан туындайды;
рефлекторлық – кезбе жүйкелерде болатын рецепторлардың шамадан тыс тітіркенуімен және шырышты асқазан-ішек жолының қабынуымен байланысты.