- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жүкті әйелдің тіс...
Жүкті әйелдің тіс күтімі
Жүктілік кезінде әйел ағзасында көптеген өзгерістер болады. Оның сыры болашақ ананың бойындағы дәрумендерге құрсақтағы нәрестенің ортақсуында. Мәселен, кальцидің, фтор және фосфордың жеткіліксіздігі – сүйек пен тістің босауына, шаштың түсуіне алып келеді. Назарларыңызға жүктілік кезінде аналар маржандай тізілген тістерін сау күйінде сақтаудың жолдарын ұсынамыз.
Тіс – ауыз қуысының бір бөлігі. Тістің беріктігі, ақтығы, саулығы кальцидің жеткіліксіздігіне немесе шамадан тыс артық болуына байланысты. Жүкті әйелдердің арасында жиі кездесетін қиындықтардың бірі – қызыл иектің қанталауы. Оны гингивит немесе пародонтоз деп атайды. Бұл жүкті әйелдердің бойында гормональді өзгерістер салдарынан туындайды. Егер тіс тазалағанда щеткаңыздың қанға боялғанын көрсеңіз дереу дәрігердің қабылдауына барғаныңыз жөн. Маман тісіңіздің ауыру сипатына қарай қажетті ем шараларын тағайындайды.
Жүктілік иммунды жүйені әлсірететіндіктен ауыз қуысында микроорганизмдердің өмір сүруіне жақсы жағдай туады. Бәрімізге белгілі мұндай жағдайда тіс жегі, қызыл иек аурулары тез орын алады. Дер кезінде алдын алып, емдеуді бастамаса тіс жегісі жүйке жүйесінің пульпитіне немесе периодонтитке алып келеді. Көңіл бөлмей жүре берсеңіз, сәбидің ағзасына инфекция түсуі ықтимал. Ал бұл баланың болашақта аллергиялық ауруларға бейім болуына алып келеді.
Жүктілік кезінде тіс дәрігеріне барудың қаншалықты дұрыс екендігі кез келген ананы мазалайтыны заңды. Тіс дәрігеріне жүкті екеніңізді ескертуді ұмытпасаңыз, құрсақтағы сәбиге зияны тимейтіндей барлық әдістерді қарастырады.
Есте ұстаңыз!
Жалпы жүктілік кезеңінде стоматолог кабинетіне болашақ ана кем дегенде 3 рет баруы тиіс. Алғашқы бас сұғу – 20 аптаға дейін, екінші рет 20 мен 32 апта аралығында, үшінші рет 32 аптадан соң.
Тіс ауруы мазалаған жағдайда бірінші үш айлықта тек тіс жегіден тазалап, пломба салып, тісті тазалау процедураларын жасауға рұқсат берілсе, екінші үш айлықта рентген зерттеулер жасауға болады. Өйткені бала ағзасы бұл кезеңдерде сыртқы ортадан келетін қауіптерден қорғана алады. Тек арнайы рентген сәулелерінен қорғайтын алжапқышты әйелдің ішіне жабу керек.
Жүктілік кезеңінде құрамында адреналині бар дәрілерді салуға болмайды. Сонымен қатар ағарту, протездеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілмейді.
Тіс дәрігерінің есігін жиі қаққыңыз келмесе мынадай қарапайым ауыз қуысын таза ұстау ережелерін есте ұстаңыз:
1. Тісті кем дегенде күніне 2 рет жуу керек. Әр тістің арасын мұқият тазалап, тағам қалдықтарының қалмауын қадағалаңыз.
2. Әр тамақтанудан соң ауыз қуысын сумен шайып отырыңыз.
3. Тіспен қатар тіл, таңдай, ұртты да тазалаған жөн.
4. Құрамында кальций, фтор, фосфоры мол тағамдарды тұтыныңыз.
Ең дұрысы, жүкті болмай тұрып стоматологқа көрінген дұрыс. Ауыз қуысында пайда болған немесе пайда бола бастаған аурулардың алдын алу.
Дереккөз: anabol.kz
Н. Үсенова