Егде жастағы адамдарға арналған жаттығулар

Егде жастағы адамдарға арналған жаттығулар
Фото: lapsurgery.ru

Жас ұлғайған сайын көп адамдардың қимыл-қозғалыс белсенділігі төмендей береді де тек бір жерде отырып жұмыс істеу әдетке айналады. Бірақ қартайған кезде де дені сау әрі белсенді болып қалғысы келетіндер үшін арнайы жаттығулар бар. Біз солардың бірнешеуіне тоқталып кетелік.

Ескерту:

Барлық жаттығулар арқасы жоқ орындықта отырған күйі жасалады;

Шаршап қалмас үшін және омыртқа мен буындарды ауыртып алмас үшін бір жаттығуды 5-6 реттен артық жасамау керек;

Күніне екі рет жаттығу жасап тұруға болады.

Жаттығулар:

Екі алақаныңызды бір-біріне ысқылап, қолыңызды жуып жатқандай қимылдар жасаңыз;

Қолыңыздың саусақтарын жеңіл қимылдармен бірнеше рет ашып-жұмыңыз. Екі қолыңыздың саусақтарын бір-бірімен айқастырып, жоғарға қарай тартылыңыз;

Қолыңызды беліңізге қойған күйі, беліңізді алақандарыңызбен жоғары-төмен сипаңыз;

Қолыңыз белде тұрған күйі, басыңыз бен денеңізді ақырын оң және сол жаққа қарай еңкейіңіз. Бұл жаттығуды тез, асығыс жасауға болмайды;

Саусақтарыңыздың ұшын екі иыққа тигізген күйі, шынтақтарыңызды иықтың деңгейіне көтеріп, екі иығыңызды алға және артқа қарай айналдырыңыз;

Қолыңызды беліңізге қойыңыз, аяқтарыңыз иықтың деңгейінде болсын. Арқаңызды тік ұстауға тырысыңыз. Денеңізді бірқалыпты солға, одан кейін оңға бұрыңыз. Бас пен дене бірдей қозғалуы керек. Бұл жаттығуды ақырын жасау керек, деміңіздің бір темпте қалуын қадағалаңыз;

Қолыңызды белге қойған күйі, аздап алға қарай еңкейіңіз. Жаттығу кезінде мойын мен иықтың бұлшықеттерін бос ұстаңыз. Бірқалыпты демалыңыз, осы күйде 15-30 секунд тұрыңыз.

Аяқ жаттығуы барыншы нәтижелі болсын десеңіз, жұмсақ бұдырлы резеңке төсемді қолданыңыз. Әдетте, ортасындағы бұдырлар биіктеу, ал шет жақтарындағы аласалау келетін төсемдер табанның табиғи формасын қалпына келтіруге көмектеседі. Бұндай резеңке төсемдер табанның негізгі нүктелеріне әсер етіп, ағзаның қан айналым жүйесін реттейді, бүйрек пен ішектердің жұмысын қалпына келтіреді;

Аяқтың ұшынан бастап, өкшеге қарай резеңке төсемді салмағыңызбен басыңыз. Содан соң, резеңке төсемге аяқтарыңызды алма кезек қойып, басып тұрыңыз;

Тобығыңызды алдымен солға, одан соң оңға қарай айналдырыңыз.

Қандай жасқа келсеңіз де жақсы денсаулықтың кепілі жақсы көңіл күйде екенін ұмытпаңыз. Сондықтан, анау-мынау майда-шүйде заттарға назар аудармаңыз, мейлінше отбасыңызбен, жақын адамдарыңызбен бірге болуға тырысыңыз.

Дереккөз: el.kz

Н. Үсенова