Шылымның шырмауы (жалғасы)

Шылымның шырмауы (жалғасы)

Шылым тастауға бел байлаған адамға никотинге ұқсас әсер ететін заттар көмектесе алады, солардың арқасында темекіні тастаған кезде пайда болатын ауыртпалық едәуір жеңілдейді. Бұлар түрлі дәрі-дәрмектік өсімдіктерден алынатын цитизин, лобелин және анабазин: олар шылымшыларды емдеу үшін қолданылатын арнаулы таблеткалардың құрамына енеді. Мұндай дәрілерді схема бойынша қабылдайды, емдеу курсы: 7–10 күн.

Осы дәрілер түрлі жанама құбылыстарды туғызуы мүмкін болғандықтан, ем тек дәрігердің тағайындауымен және соның бақылауымен беріледі. Кейбіреулер емнің бірінші курсынан кейін темекіні тастап кете алмайды, мұндайда емді 1–1,5 айдан соң қайталау керек.

Темекіні тастағысы келгендердің 5–10 пайызы түрлі себептер бойынша жоғарыда аталған шаралардың көмегімен темекіні қоя алмай жүргендер болып табылады. Мұндайларға емнің арнаулы әдістері: гипноз, аутогенді жаттығу, рефлексті терапия және басқалары қажет.

Іс жүзінде темекіге деген құштарлықтан арылтуға болмайтын бірде-бір науқас жоқ. Табыстың кепілі – темекіні біржолата қоюға деген берік ықыласта. Егер алғашқы әрекетіңіз сәтсіз болса, өзіңізді емделуді керек ететіндер қатарына қосуға асықпаңыз, алдымен шылымға қарсы күрестің барлық шараларын қолданып көріңіз.

Бізде темекі тартушылар санын азайту үшін түрлі шаралар көптен бері жүзеге асырылып келеді. Мысалы, бізде темекі бұйымдары мүлде дәріптелмейді, ал оларды жасы толмағандарға сатуға тыйым салынған. Егер көптеген елдерде мәдени ойын-сауық мекемелеріне барушылар залда отырып шімірікпестен темекі тарта берсе, ал біздің театрларымызда, кино-концерт залдарымыз бен клубтарымызда әдейі бөлінген орындарда ғана шылым шегуге болады.

Сондай-ақ метрода, трамвайда, автобуста, троллейбуста темекі тартуға тыйым салынған. Жергілікті және алысқа қатынайтын поездардың жолаушылар вагондарында қазан орнатылмаған жақтағы кіші коридорда ғана шылым шегуге рұқсат етіледі.

Ішкі еңбек тәртібі ережелері бойынша жұмыс орнында, емханалар мен ауруханаларда, кәсіпорындардың цехтарында, мекемелерде темекі тартуға рұқсат етілмейді.

Салынған тыйымдардың тізбесін жалғастыра бермей-ақ қояйық. Ол негізделген және тым ұзақ. Оның орындалуын қадағалау жұртшылықтың ісі. Егер темекіге төзбестік жағдай жасалса, шылым шегуден миллиондаған адамдар бас тартады.

Шылым шегу ерлер сияқты, әйелдердің де жүрек-тамыр ауруларына, өкпе рагына, асқазан жарасына шалдығу қатерін арттырады, эндоартериттің өршуіне мүмкіндік туғызады. Алайда шылым шегу әйелге бұған қосымша, өте елеулі зиян келтіреді.

Бойжеткен неғұрлым ерте темекі тарта бастаса, темекі түтініндегі улардың оған тигізетін әсері соғұрлым қауіпті болады. Егер ол жыныстық жағынан жетілгенге дейін темекіге үйір болса, нашар дамиды, өсуі баяулайды.

Келбетіне де нұқсан келеді. Никотиннің әсерінен қан тамырлары тұрақты түрде тарыла бастайды, бұлшықеттерді қоректендіру және оларды оттегімен жабдықтау нашарлайды. Мұның үстіне қан гемоглобинінің темекі түтінінің бір компоненті – улы газымен қосылуының есебінен қандағы оттегінің мөлшері кемиді. Осының бәрі теріні қоректентіруді қиындатады, ол өзінің жұмсақтығынан және таза түрінен айырылады. Кәнігі шылымшылардың беті сұрланып кетеді.

Өкінішке қарай, бойжеткендердің көбі олардың өмірінде мүлде шылым шегуге болмайтын кезеңнің келетінін түсінбейді. Бұл - жүкітілік, сондай-ақ бала емізетін кезең. Темекі түтінінің улары бала жолдасы арқылы ұрық ағзасына сіңіп, оны уландыруы мүмкін. Мұндай жағдайда ұрықтың дамуы нашарлайды. Шылым шегетін әйелдерде түсік 2-3 есе жиі болады, ал уақытылы дүниеге келген балалар, әдетте, әлсіреп туады және олардың салмағы қалыптыдағыдан төмен болады.

Шылым шегетін ана емізген нәресте нашар өседі. Осындай әйелдің бір литр сүтінен 0,5 миллиграмға дейін никотин табылады, ал бала денесінің бір келі салмағына шаққанда, 1 миллиграмм никотин ажал дозасы болып табылады! Шылымшы әйел сүтінің иісі де, дәмі де жағымсыз болады, сондықтан бала емшектен бас тартуы, солғын соруы мүмкін. Бұған қоса, емізетін ананың сүті азайып, ол баланы тойындыра алмайды, сүттен ерте айырылуы мүмкін.

Темекі тартатын әйел өз денсаулығына ғана зиян келтіріп қоймайды, ол өз баласын азапқа душар етеді.

 Суреттер Ғаламтордан алынды

С. А