- Негізгі бет
- Денсаулық
- Иір тамақ ауруын...
Иір тамақ ауруын емдейді
Иір – тамырының өзіне тән хош иісі және ауыз күйдірерлік ащы дәмі, көпқұрамды эфир майы бар өсімдік. Көл жағасында өсетін бұл тіршілік иесі емдік қасиетке ие. Сонымен бірге, оның құрамында ащы гликозидакорин, аскорбин қышқылы, иірлік зат, шайыр, крахмал болады.
Өсімдіктің тамыр сабағы мен жапырақтарын емдік мақсатта пайдаланады. Одан жасалған дәрілерді халық арасында қырқұлақ ауруына қарсы, эпидемиялы тырысқақ, тұмау, сонымен қатар, бөртпе сүзек кезінде қолданған, қазір де халық емі ретінде қолданылады.
Иірдің сабағын қайнатып, қоймалжың затты суық суға қосып, кейде кептіріп ішеді, қажетті жағдайда теріге де жағады, ащылығына да қарамастан, дәрі секілді сорады.
Иірдің тамыр сабағынан жасалған препараттарды тәбет ашатын, асқазан-ішек жолының қызметін реттейтін дәрі ретінде де пайдалануға болады.
Оның тамыр сабағынан жасалған ұнтақты асқазан қыжылдап, бүйрек пен қуық қабынып ауырған кезде ішеді және тіс жуатын ұнтаққа да араластырып, тіс тазалауға болады.
Шаштың түсуін тоқтату үшін иір тамыр сабағын, кәріқыз (турица) тамырын, қырмызы гүлін (календуловые) және құлмақ бүрін (хмель) алады. Осылардан жасалған қоспаны 1 литр суға қайнатып, оны күнде жатар алдында басқа жағады.
Бұл өсімдіктің тамырын күз айларында жинап алып, күнге кептіріп қояды. Кепкен тамырды қияқтап турап, жіпке моншақ тізгендей тізіп, сөлі кеткенше кептіріп жинайды. Кейін тамақ ауырғанда бір-бірлеп сорады. Бұл өсімдік баспа (ангина) ауруынан айығуға көмектеседі. Кептірілген иірлерді үш-ақ жыл сақтайды.
Г. Берік