- Негізгі бет
- Денсаулық
- Кеңседегі аллергия...
Кеңседегі аллергия
Сіз жассыз, деніңіз сау, қатты ауырған да емессіз... Бірақ кеңседегі жаңа жұмысқа шыққалы бері қайта-қайта түшкіріп, дем алуыңыз қиындап, көзіңіз жасаурап, тамағыңыз қышып қоймайды ма? Ендеше сіз кеңселік аллергияға шалдыққан сияқтысыз.
Әрине бұл үшін жұмыстан шығудың қажеті жоқ. Алайда мәселені шешу керек. Ғалымдардың айтуынша, соңғы 20 жылда жер бетіндегі аллергияға ұшырайтын жандардың саны 4 есе өсті. Бұл көбінесе осы кеңселік аллергияға байланысты екен. Оның себептері мен шешу жолдарымен таныс болыңыздар.
1-СЕБЕП: Таз ауру
Аллергияның басты себебі таз ауруы бола алады екен. Оның микроспоралары кондиционер сүзгілері мен гүл құмыраларында кездеседі. Ең қауіптілері: пневмония мен гаймортитті қоздыратын легионеллалар.
Қалай сақтанамын? Біріншіден, кеңсеңізде құмыраға отырғызылған гүлдер мен өсімдіктер болса, оның сазын тексеріп көріңіз. Беті көгеріп кеткен жағдайда, жерін ауыстырған жөн. Кондиционерді қолданғанда салқын режим мен төмен температуралар орнатыңыз. Бұл споралардың дамып көбеюіне жол бермейді. Кондиционердің тұрғанына біршама уақыт болса, маманды шақыртып, ескі сүзгіні тазалауын не жаңасын орнатуын сұраңыз. Айта кетсек, қазірде арнайы антибактериалды сүзгілер бар.
2-СЕБЕП: Шаң
Шаңның жиналмайтын жері жоқ, солардың арасындағы ең сүйіктісі - сіздің компьютер. Кулерге кір ауа кіріп-шығып жатады, монитордағы электростатикалық өріс шаңға арналған нағыз магнит, пернетақтаның әр тетігі қоқым мен шаңға пана болды. Осы шаңмен байқамастан дем алып, аллергияны қоздырасыз.
Қалай сақтанамын? Күнделікті таңертең жұмыс бастамас бұрын, оргтехникаға арналған антистатикалық қасиеті бар арнайы сулықтармен монитор, тышқан, пернетақтаны сүртуді әдетке айналдырыңыз. Ол тек шаңнан ғана емес, сондай-ақ шаң жинайтын статикадан да арылтады.
3-СЕБЕП: Химия
Кеңсеңіздегі ауа біртүрлі "ауыр" екенін байқаған боларсыз? Әрине таза ауаның жетіспеуі бір бөлек, оған қоса кеңселік жиһаз, жаңа еврожөндеу, пластик терезелер температура көтерілгенде формальдегид бөледі. Бұл көрінбейтін түссіз газ адамның жүйке жүйесіне, дем алу жүйесіне, көру қасиетіне үлкен зақым тидіре алады. Шаршау, бас ауру, дем алудағы қиындық - осы газбен уланудың белгілерінен.
Қалай сақтанамын? Әрине бастығыңызға арзан жиһаздың орнына табиғи ағаштан жасалынған қымбат жиһазды алдыра алмассыз, сондықтан формальдегидтің ауадағы мөлшерін түсіру мақсатында кеңселік бөлмеңізді жиі желдетіп тұрыңыз. Бұл ауаның химиялық құрамын реттеп, ылғалдығын сақтап тұрады.
4-СЕБЕП: Оргтехника
Мысал ретінде қағаз басатын принтерді алайық. Ол біртүрлі иіс шығарып қана қоймай, қағаз басқанда ауаға сияның микроскопиялық бөлшектерін лақтырады. Бұл бөлшектер біздің үстімізге, заттарымызға қонып, ауамен өкпе жолдарымызға дейін жетеді. Көшірме жасайтын ксерокс та жұмыс барысында денсаулығымызға пайдалы емес жылытылған озонды бөледі.
Қалай сақтанамын? Қағазға көшіріп-басатын техниканы ауасы жақсы желденетін бөлмеге көшірілуін сұраңыз. Оларды қолданғаннан кейін бет-қолыңызды жуып отырыңыз.
5-СЕБЕП: Жеке заттар
Дәрігерлердің айтуынша, аллергияға ұшырай беретін адамның аллергиясын отыратын бөлмесінде көп уақыт тұрған заттарды шығарып тастау арқылы емдесе болады. Бөлмеде ұзақ уақыт тұрған жиһаз, перделер, палас сияқты заттар бактериялар мен шаңның нағыз мекендейтін жері. Оларды жарты жыл сайын таза ауаға шығарып, қағып, желдетіп тұру керек.
Қалай сақтанамын? Отыратын жеріңізде жеке заттардың жиналып қалмауын қадағалаңыз. Артық қағаздарды лақтырып, реттеп отырыңыз.
6-СЕБЕП: Кеңселік заттар
Кейбір нәзік жандардың аллергиясын қарапайым қалам мен сызғыштар қоздыра алады екен. Қолдану мерзімі шыққаннан кейін, олар түрлі химиялық қосылыстарды бөліп, теріге қона алады.
Қалай сақтанамын? Кеңселік заттарға аллергиясы бар кісілердің қатарынан болсаңыз, сызғыштардың арасынан ағашын, қаламдардың арасынан гельді қаламды таңдаңыз.
7-СЕБЕП: Иондар
Ғалымдардың айтуы бойынша, ауаның төмен сапасы адамдардың ғұмырын 10-15 жылға қысқартады екен. Техниканың молдығы, оргтехника, синтетикалық маталар аэроиондардың балансын бұзады екен. Әр кеңседе кездесетін бұл жағдай денсаулығымызға үлкен зардап тигізеді.
Қалай сақтанамын?
Ионизатор алыңыз. Ол "өлі" ауаны бір сәтте тірілте алады. Ауаны шаң мен бактериялардан тазартып қана қоймай, оны теріс иондармен қанықтырады.
Кондиционер. Кондиционер қолданғанда мына ережелерді сақтағаныңыз дұрыс. Дала мен бөлмедегі температуралардың айырмасы 10°С-тан артық болмауы керек. Бөлме температурасын 20°С-тан түсірмеген жөн. Кондиционердің түбінде отырушы болмаңыз! Осы ережелерді сақтасаңыз, ауырмай да таза ауамен дем ала аласыз.
Гүл отырғызыңыз. Қандай да бір өсімдікті кеңсеге әкелмес бұрын, кеңседегі жағдай, микроклиматты есепке алған дұрыс. Ылғалдық, температура, жарықтандыру жайлы да ұмытпаңыз. Кеңсеңізде ауа бұлағы болатын өсімдікті адамға қарап таңдауға болады. Мысалға қазоты (герань) гипертониктерді, ал хлорофитумды темекі шегетіндер бар кеңселерде өсіруге кеңес береді.
Күніне 22 000 рет дем алатын өкпеміз 15-17 кг ауаны өткізеді екен. Бұл ауаның 15-100 грамы формальдегид, бензопирен сияқты улы газдар мен химиялық қосылыстар болады. Сондықтан барынша қорғалуға амал жасап, өз денсаулығыңызды күтуден ерінбеңіз.
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: tltonline.ru
С. А