- Негізгі бет
- Денсаулық
- Америкалық ғалымдар қазақ...
Америкалық ғалымдар қазақ онкология қызметіне баға берді
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына Питтсбург университеті Медициналық орталығы (UPMC) мен Назарбаев университетінен арнайы делегация келіп, Қазақстандағы онкология қызметімен және институт жұмысымен танысып қайтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақ онкология және радиология ҒЗИ баспасөз орталығына сілтеме жасап.
Шетелдік 13 ғалым 2 күн бойы отандық онкология қызметінің құрылымы, қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау бағдарламалары және тіркеуге алу, қою жүйесімен танысты. Қонақтар онкоинституттың негізгі бағыттары туралы ақпарат алып, түрлі бөлім мен орталық жұмысын бақылады. Скрининг бағдарламалары бойынша да өзге қалалық емханаларда болып қайтты. Сапар соңында АҚШ-тан келген делегацияны ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Александр Цой қабылдап, екіжақты келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде екі ел арасында алдағы уақытта тығыз қарым-қатынас орнап, біріккен жобалар іске асырылатындығы белгілі болды.
UPMC – АҚШ-тағы Денсаулық сақтау саласындағы үздік әрі коммерциялық емес ұйым. Бұл ұйым әлемдік медициналық мекемелер мен орталықтардың басын біріктірген. Штатында 60 000 қызметкері бар. Жалпы 20 аурухана қызметін орталықтандырып отыр. UPMC науқастар күтімін жақсарту мен тиімділігін арттыру үшін жаңа жүйелерді ойлап табумен айналысады.
Бұл ұйым Астана қаласында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру жобасы бойынша Назарбаев университетінің стратегиялық әріптесі саналады. 2017 жылға жоспарланған жоба ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы Жолдауы негізінде жүзеге аспақ.
«Жалпы UPMC делегациясы еліміздің бас онкологы, Онкология және радиология ҚазҒЗИ институт директоры Қ.Ш.Нұрғазиевке және бірқатар онколог-мамандарға алғыс білдіріп, отандық онкологияның бүгінгі деңгейін жоғары бағалады. Біздің қызметіміздегі оң өзгерістерді атап айтты. Одан бөлек, шетелдік және отандық мамандар екі елдің онкология саласындағы айырмашылықтарын да сөз етті. Жиын соңында болашақтағы әріптестік мәселесі де күн тәртібінде қаралды», - дейді Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директорының стратегиялық мәселелер бойынша орынбасары Дәулет Байпейісов.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша 150 436 қазақстандық онкоаурулар бойынша есепте тұр. 2013 жылы бұл көрсеткіш 146 404 болған еді. Қатерлі дертке шалдыққандар санының көбеюі обырды алғашқы сатысында анықтау мүмкіндігінің артуымен тікелей байланысты. Жыл сайын қатерлі ісіктен 17 000 мың адам көз жұмады. Өлім-жітім бойынша онкологиялық аурулар екінші орында тұр.
Қ. Бүйенбай