Сәбізбен емделіңіз

Сәбізбен емделіңіз
Фото: supersadovod.ru

Сәбіз – адам денсаулығына пайдалы тамырлы жемістердің бірі. Оның емдік қасиеттері туралы ерте ғасырдан бері айтылып келеді. Оны ежелгі грек оқымыстылары Теофраст, Аристотель және ежелгі грек дәрігері Диоскоридтің жазбаларынан кездестіре аласыздар.

Ежелгі Рим мен ежелгі Грекияда сәбіз сусынын адамдар жыныстық ауруларға қарсы пайдаланған. Себебі сәбіз жыныстық без атқарымын жеделдетіп, сперматогонезді жақсартады деп есептелді. Сонымен қатар сәбіз сұлу, жас көріну үшін де көмектеседі. Бұл қызғылт сары жемісті күнделікті тағамға қосып жеуге болады.

Сәбіздің құрамында В, В1, С, Е, РР, К дәрумендері, ағзаға А дәруменін бөлетін бетакоротин аскорбин қышқылы, фолиевалық қышқыл, эфир майы, флаваноид, антоцианидин бар. Сәбіз тек бұл пайдалы дәрумендермен шектелмейді. Оның құрамында магний, калий, йод, фтор, никель, мырыш, хром, кобальт секілді минералды заттар да бар. Сәбіз 7% көмірсу және 1,5% ақуыздан тұрады.

Сәбізді тұтыну арқылы сіз өзіңізді ерте қартаюдан сақтайсыз. Жапон оқымыстыларының айтуынша, сәбіз өміріңізді 5-7 жылға ұзартады. Жалпы қызғылт сары жемістер мен көкөністерді ас мәзіріне қоссаңыз, көптеген аурудың алдын аласыз.

Бір сәбіздің өзі сіздің ағзаңызды А дәруменінің бір күндік нормасымен қамтамасыз етеді. Ал А дәрумені шашыңызды, тісіңізді, қызыл иегіңізді қатайтып, көзіңіздің көруін де жақсартады. Оған қоса иммунитетіңізді көтеріп, жүйке жүйесін қалыпқа келтіріп, күш-қуатыңызды арттырады. Зат алмасу процесін жүйелендіріп, жаңа клеткалардың өсуіне маңызды және өте пайдалы антиоксидант болып табылады.

Егер А дәрумені денеңізге жақсы дарысын десеңіз, үккіштен өткен немесе қайнатылған сәбізге бірнеше тамшы өсімдік майын тамызып, қаймақ қосып жеңіз.

Сәбіздегі калий тұзы жүрек-қан тамыр аурулары, гипертония мен атеросклероз кезінде өте пайдалы.

- Шораяққа (артроз) шалдыққанда:

150-200 мл сәбіз шырынын үшке бөліп, тамақтан бұрын тұтыныңыз.

- Бронх демікпесі кезінде:

1 ас қасық сәбіз дәнін қайнатып, 1 стақан қайнаған су құйып, жылы жерде шамамен 12 сағат сақтаңыз. Дайын болған соң күніне ½ стақаннан 5-6 рет ішіңіз.

- Бронх қабынуы кезінде:

Сәбіз шырыны мен балды бірдей көлемде алып, жақсылап араластырып, күніне 1 ас қасықтан 4-5 рет тұтыныңыз.

- Көктамырдың варикозды ұлғаюы кезінде:

2 ас қасық кептірілген сәбіз сабағына 0,5 литр қайнаған су құйып, 8-10 сағат сақтап қойыңыз. Содан соң күніне 1/3 стақаннан 4-5 рет тамаққа 20 минут қалғанда ішіп тұрыңыз. Емделу курсына 1-2 ай жеткілікті.

- Асқазаныңыз ауырғанда:

Асқазаныңыз ауырған кезде сәбіз шырынын 50 мл сүтпен немесе кілегеймен араластырып ішкеніңіз жақсы.

- Қан қысымының артуы кезінде:

3 ас қасық сәбіз дәніне 3 стақан су құйып, қайнатып, 12 сағат жылы жерде сақтаңыз. Кейін күніне 3 рет бір стақаннан ішіп тұрыңыз.

- Ішіңіз жүрмеген кезде:

Аш қарынға сәбізді үккіштен өткізіп, салат жасап жеңіз.

- Несеп тас аурулары мен бүйрегіңіз шаншып ауырған кезінде:

3 ас қасық сәбіз дәніне 0,6 литр қайнаған су құйып, 10-12 сағат термоста ұстаңыз. Дайын болған соң күніне бір стақаннан күніне 3 рет ішіңіз. Бұл тұндырма бүйрек пен қуық қалбыршағындағы тастар мен құмдарды шығарады. Алайда күніне 3-4 мәрте сәбіз шырынын да ішіп тұруға болады. Оның да көмегі көп.

- Қаназдық кезінде:

0,5 стақан сәбіз шырыны мен 0,5 стақан сүтті және 2 тауық жұмыртқасының сары уызын араластырып, тамақтан 40 минут бұрын ішсеңіз, қаназдықтың алдын аласыз.

- Жүрек қыспасы (стенокардия) кезінде:

1 ас қасық сәбіз дәніне 1 стақан қайнаған су құйып, 12 сағат жылы жерде ұстап, күніне ½ стақаннан 5-6 рет тұтыныңыз.

- Туберкулездің алғашқы кезеңі кезінде:

3 ас қасық ұнтақталған сәбізді 1 стақан сүтке пісіріп, күніне 1 ас қасықтан 4 рет тамаққа дейін ішіңіз. Сол секілді балмен араласқан сәбіз шырынын да ішуге болады.

- Остеохондроз және қан тазалау кезінде:

Тәулігіне 500 мл сәбіз шырынын ішіңіз. Басында бетіңіз сәл сарғаяды, бірақ қорықпаңыз. Ол сіздің ішіңіздің қоқыстардан тазарып жатқандығының белгісі. 

- Қайнатылған сәбіз қант диабеті кезінде пайдалы. Өйткені қайнағаннан кейін оның құрамындағы антиоксидант мөлшері 34% жоғарылайды.

- Жараға, дәрі еккеннен кейін қалған ісіктерге, жалпы денеңіздің ауыратын жерлеріне сәбізді үккіштен өткізіп, үстіне қойыңыз. Оны ертеректе тері күтіміне де пайдаланған. Себебі сәбіз барлық тері түріне келе береді. 

Сәбіз адам денсаулығына өте пайдалы тағам түрі. Оның құрамындағы пайдалы заттардың арқасында сіз жоғарыда айтылған аурулардың алдын аласыз. Сондықтан бүгіннен бастап сәбізді өзіңіздің ас мәзіріңізге қосыңыз.

Ж. Исакаев