- Негізгі бет
- Денсаулық
- Адам денсаулығына пайдалы...
Адам денсаулығына пайдалы жаңғақтар
Бәріміз де жаңғақ жегенді жақсы көреміз. Өйткені оның есте сақтау қабілетін арттыратын пайдалы элементтері көп. Сонымен қатар миға да мол әсерін тигізеді. Біз бүгін сіздердің назарларыңызға жаңғақ түрлерін ұсынып, олардың адам денсаулығына қаншалықты маңызды екенін айтамыз.
1. Орман жаңғағында теріңізді, шашыңыз бен тырнағыңызды сұлу қалпында сақтайтын А және Е дәрумендері бар. Және ол ми қызметін де жақсартады. Диетолог мамандар орман жаңғағын шикілей жеуге де кеңес береді.
2. Жер бетіндегі ең үлкен жаңғақ – кокос жаңғағы. Оның құрамында В тобындағы дәрумендер, макро және микроэлементтер көптеп кездеседі. Бұл жаңғақты тұтыну арқылы сіз иммунды жүйеңізді, көзіңізді, ас қорыту жолдарыңызды жақсартасыз. Ал оның сүтін ішсеңіз, кәрілікті жеңесіз.
3. Пісте (фисташка) – калориясы аз жаңғақ. Пістеде де дәрумендер мен минералдар өте көп. Бірақ күніне он бес түйірін жесеңіз жеткілікті. Оны тек сырамен ғана ішпейді. Тыныс жолдары мен ас қорыту жүйесін жақсарту үшін де тұтынады. Сонымен қатар жүктіліктің бастапқы кезеңінде де жейді.
4. «Ең тәтті жаңғақ» деп Бразилия жаңғағын айтады. Ол ағзаға өте пайдалы. Оны «өмірлік күш-қуат беретін жаңғақ» деп те жатады. Дәрігер мамандар бұл жаңғақ жүрек және онкологиялық аурулардың алдын алатынын жасырмайды.
5. Егер сіз жүрек-тамыр жүйесінің ауруларына шалдықсаңыз, онда күніне кем дегенде 50 грамм миндаль жаңғағын жеңіз. Себебі оның құрамында калий, темір, фосфор элементтері бар.
6. Самырсын жаңғақтарының пайдасы туралы әлемге Авиценна деген атпен белгілі әйгілі Ибн Сина да жазған. Ол өскелең ағзаға өте пайдалы. Сондықтан оны көбіне кішкентай балалар жейді. Артық салмақтан арылғысы келетін адамдарға бұл жаңғақты жемеген жөн.
7. Грек жаңғағы Кавказда «қасиетті ағаш» деп саналады. Оның тұқымдары илік заттарға, аминқышқылы мен минералдарға бай. Оны көбіне жүйке жүйесі мен жүрегі, асқазаны ауыратын адамдардың тұтынғаны абзал.
Бұл тізімде неліктен жержаңғақ жоқ деп ойлап отырған шығарсыздар. Себебі ол жаңғақтар емес, бұршақ тұқымдасына жатады. Бірақ біз ол туралы да айта кеткіміз келіп отыр. Керемет антиоксидант болып табылатын жержаңғақтың дүние жүзінде 70-тен астам түрі бар. Ол көздің көруі мен құлақтың естуін жақсартады.
Ж. Исакаев