- Негізгі бет
- Денсаулық
- Түркиялық дәрігерлер қазақстандық...
Түркиялық дәрігерлер қазақстандық тағы бір балаға тегін ота жасамақ
Түркияның медициналық туризм қауымдастығы ұйымдастырған қоғамдық жобалар аясында қазақстандық дәрігерлер Түркияның ең үздік емханаларын аралап, емдеу тәсілдерімен танысты. Бұл шарада мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсету мәселесі де назардан тыс қалмады. Түркиялық емхана қазақстандық бір балаға тегін ота жасауға екінші рет келісім берді.
Түркияның медициналық туризм қауымдастығы ұйымдастырған бұл шарада мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсету мәселесі де қарастырылды. Әлеуметтік әрі ерікті блогер Эльмира Алиеваның айтуынша, Түркияның емдеу орталықтары бұл мәселеге оң көзқараста, тіпті қазақстандық балаларға бірнеше рет көмек қолын да созған екен. Бұған өткен жылы түрік ағайындардың 2008 жылы қайғылы оқиғаның нәтижесінде жараланып, екі бірдей қолынан айырылған алматылық Кристина Крижевскаяға тегін отаға жасағаны дәлел бола алады.
«Бұл іс шараға әлеуметтік блогер ретінде барғандағы басты мақсатым кедей отбасынан шыққан мүгедек балаларға тегін ота жасатудың шешімін табу. Осы жолғы кездесу сәтті болды, түркиялық Liv Hospital клиникасы біздің елдің бір баласына тегін ота жасап беруге екінші рет келісім берді», - деп мақсатының орындалғанын қуана хабарлады әлеуметтік блогер Эльмира Алиева.
Әзірге қай балаға ота жасалатыны нақты белгісіз. Науқасы тым ауыр балалар жайында ақпарат Түркияға жіберілді. Диагноздар толық сарапталғаннан кейін Түркия ең ауыр деп тапқан операцияны мойнына алады.
15 елден жиналған медицина мамандары Түркияның дәрігерлерімен бетпе-бет сұхбаттасты. Бас қосудың бұл түрі әр елден ат шаптырып келген ақ халатты абзал жандарға жаңа емдеу тәсілдерімен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Біздің елдің мамандары да қалыс қалмай белсенді араласты. Оларды қатты қызықтырғаны – түрік бауырларымыздың мүшелерді трансплантациялауда қол жеткізген белестері мен жаңа жетістіктері болды.
Тәжірибе алмасуға ел мамандарының көшін бастап барған медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Нукушева таңданысын былай жеткізді: «Мені Түркияның денсаулық сақтау саласында бағындырған белестері қатты таң қалдырды. Әсіресе, ағза жасушалары мен мүшелерді трансплантациялауда үлкен нәтижеге қол жеткізген. Бұл сөзімізге олардың бауыр мен бүйректің өзіне жылына 500-ге жуық трансплантация жасайтыны дәлел. Менің ойымша, мүшелерді трансплантациялау ісін енді дамытып келе жатқан Қазақстан үшін бұл тәжірибе алмасудың берері мол».
Өзара келісімнен кейін түрік әріптестерінің мүмкіндіктерімен танысу үшін қазақстандық мамандар Анкара қаласының көп салалы емханаларын аралады. Түркия медициналық туризм қауымдастығының Қазақстандағы ресми өкілеттігі директоры Халида Садықованың айтуынша, қазақстандық науқастарды емдеуде шетелден үш күнде алынған осы тәжірибе ұтымды қолдау болмақ.
«Қазақстандық дәрігерлер біздің шақыруымызды қабыл алғанына дән ризамыз. Осы бағытта қарым-қатынасымыз ары қарай нығаюына бар күшімізді салатын боламыз. Бұл сапардың сәтті болғанына қуаныштымыз және ары қарай да жалғасын табады деген сенімдеміз», - деді Х.Садықова.
Бүгінде Түркия медициналық туризм саласындаға жетекші елдердің бірі болып танылуда. Елдегі медициналық қызмет көрсетудің 8 сегменті жаңа технологиямен қамтамасыз етілген. Оған медициналық туризм, термалды процедуралар, СПА мен косметикалық қызметтер, стоматология, спорттық туризм және салауатты өмір сүру салты енеді. Түркия медициналық емханаларының қызмет көрсету сапасын ескеріп, көрші елдер мен Еуропаның мыңдаған халқы емделуге ай сайын келеді.
Е. Жұмабайұлы