- Негізгі бет
- Денсаулық
- Омыртқа ауруларына арналған...
Омыртқа ауруларына арналған жаттығулар
Омыртқа - адамның денесін, тұла бойын тік ұстап тұратын, жұмыс жасап, қозғалуына мүмкіндік беретін һәм іс-қимылды реттеуге көмектесетін маңызды тірек. Сондықтан оның ешқандай ауыр соққы алмауына, үлкен жүк пен күштің астында қалмағанына мән беріп жүргеніміз жөн. Өйткені омыртқа аурулары басқа да дене мүшелерінің және ішкі ағзаның алуан түрлі дертке шалдығуына әкеліп соғады.
Бұл жаттығулар кімге керек?
Бұл жаттығуларды орындау – омыртқа жотасының қисаюуы кезінде, остеохондрозда, омыртқа ісігінде және әртүрлі аурулардың синдромдары белгі бергенде пайдалы. Осы жағдайлардың барлығына душар болғанда, ерекше күтіммен қатар, арқа сүйектерін түзеу үшін жасалатын арнайы гимнастикалық қозғалыстарға көңіл бөлген жөн.
Бұл жаттығулар не үшін қажет?
Омыртқааралық дисктер өзінің икемділігін жоғалтып алуы мүмкін. Кей кездері олар сол омыртқалардың арасында қысылып та қалып жатады. Біреулерінде – қатты үйкеліп, жанасуы себепті, түсіп қалуы да ғажап емес. Қимыл-қозғалыстары мен жаттығулар арқылы сәл де болсын, қан айналымының еркін жүруіне жол ашамыз. Есте сақтаңыз: шамадан тыс жұлқынып секірмей, жай және асықпай орындау қажет!
Омыртқаға арналған негізгі жаттығулар:
1. Қолымызды алға қарай созып, аяғымыздың жартылай ғана бүгілген қалпы шалқалап жатамыз. Демімізді мүлде жинамай, ішкі бұлшық етті қатайтып ұстаймыз. Бұлшық ет тастай болуы тиіс. Осы жаттығуды 10-15 рет қайталап тұрамыз.
2. Бас жаттығулары. Бір күйде отырған қалпымызда, басымызды екі жаққа кезекпе-кезек бұрамыз. Демімізді ішке жинағанда - бір жағына, ал шығарғанда - келесі жағына бұру қажет. Кейін орындау тәртібін өзгертеміз. Бастапқы кездерде 2-3 қана бұрылыспен шектелген жөн. Бұл жаттығулар - остеохондроз бен омыртқаның желке және кеуде тұстарындағы ауруларында пайдасын тигізеді.
3. Ашық есіктің төбе жағын түзу қалпымызда ұстаған күйі асылып тұрамыз. Тіземізді артқа қарай сәл бүгіп, қолымызды мүлде қозғалтпаймыз. Кем дегенде, 1 минутқа шыдауымыз қажет. Содан соң 10 минуттай демалып, жаттығуға жаңа деммен кірісуге болады. Күніне 3-4 рет қайталап істеген жөн.
4. Келесі жаттығуымыз - кеуде және бел омыртқасы ауруларына қарсы. Қос қолымызды бір-бірімен қатты жымдастырып, жоғары көтереміз. Демді ішке жинап, алдымен, бір жағына еңкейіп, сол қалыпта 4-5 секунд тұрамыз. Содан соң демімізді шығарып, бастапқы қалыпқа келген соң, қарама-қарсы жаққа еңкейеміз. Осылай, кезегімен қайталап тұрамыз. Тиісінше, осы жаттығулар – кеуде және бел омыртқаларының икемділігін, иілгіштігін жақсартуға көмектеседі. Онымен қоса, белдегі артық май қабатынан арылуға да пайдалы.
5. Ендеше, мойын омыртқасының жаттығуларына көшейік. Демімізді ішке жинап, қолдарымызды екі жаққа көтереміз де, оң жаққа бұрыламыз. Сосын іштегі ауаны шығарып, қолымызды бастапқы қалпына түсіреміз. Сәл тұрғаннан кейін, осы дене қозғалыстарын қарама-қарсы бағытта орындаймыз. 3-4 қайталап істесек, өз пайдасын тигізеді. Бұл жаттығулар - мойын омыртқасының қатаюы және иық белдеуінің бұлшық еттерінің күшеюі үшін қажет.
6. Жүресінен отыру жаттығулары. Алдымен, аяғымызды бір-біріне қосып, түзу қалпымызда тұрамыз. Демімізді ішке жинап, аяқ бұлшық еттерін қатайтып, қолымызды алға созған күйі отырамыз. Ауаны іште 4-5 секунд ұстай тұрып, бастапқы қалыпқа оралғаннан соң ғана шығарамыз. Жаттығуды 10-15 рет қайталап істеген жөн. Аяқ бұлшық еттері мен жамбас сүйегіне тигізетін пайдасынан бөлек, арқа бұлшық еттерінің жұмысын жақсартады.
Жолдаған: Айбол Исламғали
Сурет: wearandcheer.com
Ш. Талап