Мобильді құрылғылар ұйқы тәртібін бұзады

Мобильді құрылғылар ұйқы тәртібін бұзады

Кейбір электронды гаджеттер шегінен көп диодты жарық шығаратындықтан, адамның ұйықтау тәртібін бұзады. Ұйқыны қажет ететін биологиялық сағаттар күн мен түнге байланысты. Бірақ ғылыми-техникалық дамудың арқасында адам баласы күн сәулесіне тәуелді болудан, яғни түнде ұйықтаудан қалды.

Біз жұмысты, кітап оқуды, тіпті белсенді өмір салтын түнде жүргізе аламыз. Дегенмен адамның тәуліктік тәртібіне молекулалық, жасушалық және физиологиялық үдеріс тікелей байланысты болады. Қазіргі дамыған қоғамда адамзат түнде ұйықтаудың орнына жарық диодтарын шығаратын гаджеттерді пайдаланады.

Соңғы кездері бұл сұрақты физиологтар көтеріп отыр. Себебі түнде демалуға берілген биологиялық сағаттың дұрыс қолданылмауы зат алмасуды бұзады. Тіпті артық салмақ қосуға немесе диабеттің алғашқы белгілерінің пайда болуына септігін тигізеді.

Жуырда Джон Хопкинс Университетінің (АҚШ) ғалымдары ұйықтау кезінде жасанды жарықтың сөндірілмей қалуы да адам денсаулығына кері әсерін тигізетінін дәлелдеген болатын. Тіпті өз уақытында ұйқыға жатсаңыз да, артық жарық диодтарын өшіргеніңіз жөн екен.

Тәжірибе барысында үнемі жарықта өмір сүрген жануарлардың есте сақтау қабілеті нашарлап, қоршаған ортаға деген қызығушылығы төмендеп кеткен. Ғалымдардың айтуынша, қала тұрғындарының депрессиялық күйге ерте түсуіне де түндегі жарықтар түрткі болады.

Адамдар ұйқы алдында электронды кітаптарды оқуға бейімделген. Дегенмен оқу кезінде айналадағы басқа жарықтар толығымен сөндіріледі емес пе? Ендеше мобильді құрылғылардан түсетін жарықтың адам баласына қаншалықты кері әсері бар?

Анна-Мария Чан мен оның Гарвард Университетіндегі әріптестері екі апта бойы 20 ересек адамды тәжірибеден өткізген. Олар күнделікті ұйқы алдында кітап оқитын болған. Еріктілердің жартысы бірінші аптада оқу үшін кітапты қолданып, кейін электронды бетке ауысқан. Қалған жартысы керісінше істеген.

Сосын зерттеуші мамандар қолданылған девайстардың шығаратын жарық мөлшерін анықтайды. Нәтижеде электронды құрылғымен оқығандар 10 минутта ұйқыға кеткен. Олардың ертесіне оянуы да біршама қиын болған. Экраннан оқу кезінде қандағы адамның биологиялық сағатын бақылайтын мелтонин гормонының мөлшері төмендеп кетеді екен. Сондықтан адамның ұйқысы қанып оянса да шаршау басқан кейіпте болады.

Бұл ең болмағанда кешкі уақытта ғаламтордан аулақ болып, оқу құралы ретінде кітапты пайдалану керек екендігіне тағы бір дәлел болады. Ендеше ұйқы тәртібін реттеуді ұмытпайық.

Сурет: www.tabletlibrary.org

Ж. Өрісбай